Атом энергетикасы туралы сөз болғанда, адамдарда туындайтын алғашқы сұрақтардың бірі – қауіпсіздік мәселесі. Қазіргі атом электр станцияларында радиациялық қауіпсіздік қалай қамтамасыз етіледі ? Қандай технологиялар ықтимал тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік береді? Неліктен мамандар АЭС қауіпсіздігі кез келген штаттан тыс жағдай туындағанға дейін қамтамасыз етіледі деп айтады? Осы және басқа да сұрақтарға ҚР ҰЯО РМК «Атом энергиясы институты» филиалының бас инженері Александр Геннадьевич Коровиков жауап береді. Қазіргі заманғы атом электр станцияларын талқылаған кезде, қауіпсіздік әрқашан басты басымдық ретінде айтылады. Неліктен?
![]()
Бұл шынымен де солай. Бүгінгі таңда қауіпсіздік кез-келген заманауи атом электр станциясын пайдаланудың негізгі принципі болып табылады. Сонымен қатар, біз бір техникалық шешім туралы емес, бір уақытта жұмыс істейтін инженерлік, ұйымдастырушылық және цифрлық жүйелердің тұтас кешені туралы айтып отырмыз.
Соңғы онжылдықтарда атом энергетикасы айтарлықтай өзгерді. Салада жаңа бақылау технологиялары, заманауи цифрлық басқару жүйелері және қатаң халықаралық талаптар пайда болды. Нәтижесінде заманауи атом станциялары радиациялық қауіпсіздік тұрақты бақылауда болатын жоғары технологиялық нысандар болады.
Қазіргі заманғы радиациялық қауіпсіздік жүйесінің негізі неде?
Бүкіл жүйенің негізі - тереңдетілген қорғаныс принципі. Оның мәні - қауіпсіздікті бірден бірнеше тәуелсіз деңгейлер қамтамасыз етеді. Егер қандай да бір себептермен олардың біреуі өз қызметін тоқтатса, қалғандары радиоактивті заттардың таралуына жол бермейді.
Бірінші тосқауыл - отын матрицасының өзі, ол отынның ішінде бөліну өнімдерін сақтайды. Келесі деңгей - жылу бөлетін элементтердің герметикалық қабығы. Содан кейін жылутасымалдағыш айналымының берік герметикалық контуры келеді. Соңғы қорғаныс тосқауылы - реактордың жаппай қорғаныс қабығы немесе сыртқы және ішкі әсерлерге төтеп бере алатын контайнмент.
Дәл осындай көп сатылы жүйе қазіргі заманғы атом электр станцияларының жоғары деңгейідегі қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Мамандар станциядағы радиациялық жағдайды үнемі қалай бақылайды?
Бұл міндетті радиациялық бақылаудың автоматтандырылған жүйесі – РБАЖ орындайды.
Ол жүздеген стационарлық датчиктерді, спектрометрлерді, дозиметрлерді және ақпаратты бірыңғай ақпараттық желіге беру құралдарын біріктіреді. Жүйенің басты ерекшелігі - бақылау үздіксіз және адамның қатысуынсыз жүзеге асырылады.
РБАЖ өндірістік жайлардағы және станция аумағындағы гамма-сәулелену дозасының қуатын тәулік бойы бақылайды, ауадағы радиоактивті аэрозольдер мен инертті газдардың көлемдік белсенділігін өлшейді, технологиялық ортадағы радионуклидтердің құрамын бақылайды, сондай-ақ қоршаған ортаға газ аэрозоль шығарындылары мен сұйықтардың төгілуін бақылайды.
Барлық ақпарат автоматты түрде орталық радиациялық бақылау пунктіне түседі, онда ол өңделеді, мұрағатталады және нақты уақыт режимінде мамандарға көрсетіледі.
Александр Геннадьевич Коровиков,
ҚР ҰЯО РМК «Атом энергиясы институты» филиалының бас инженері