Бүгін, 12 желтоқсанда Қызылордада Тәуелсіздік күні мерекесінің 23 жылдығына тарту ретінде «Арай» ойын-сауық кешені ашылды. Шараға облыс әкімі Қ.Көшербаев қатысты.
Кешенді «Мелиоратор» ЖШС-гі «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында салды. Сауықтыру орнында 1000 адамға арналған аквопарк, 400 адамға арналған мейрамхана, 1500 адамға арналған ойын павильоны және басқа да қосымша қызмет көрсету нысандары бар. Заманауи талаптарға сай, сәулетіне сәні келіскен ғимараттың бір ерекшелігі қыстың қытымыр аязына қарамастан, қала халқына жаздың жаймашуақ жылулығы мен сұлулығын сезіндіреді.
- Тұрғындарға бүгінгідей мерекелік көңіл-күй, зәулетті демалыс орнын ашқаны үшін жоба басшылығына алғысымды білдіремін. Баршаңызды Тәуелсіздік мерекесімен және қаладағы ең көрікті де ең ауқымды ойын-сауық кешенінің ашылуымен құттықтаймын! Әрқашан тірлігіміз түзу, бірлігіміз бекем болсын, - деп аймақ басшысы Қ.Көшербаев жылы лебізін білдірді.