Конституция – әділетті қоғам мен халық игілігінің құқықтық негізі
Ата Заңның негізгі ерекшелігі – адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, заң үстемдігін қамтамасыз етуді және халықтың әл-ауқатын арттыруды мемлекеттік саясаттың басты бағдары ретінде бекітуінде. Конституцияның 1-бабында адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде белгіленген. Ал 3-бапта халықтың әл-ауқатын арттыру, жалпыұлттық бірлікті нығайту, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету және қоғамдық диалогты дамыту мемлекеттің негізгі қағидаттары қатарында көрсетілген. Бұл нормалар мемлекет қызметінің басты мақсаты азаматтардың мүддесіне бағытталуы керектігін нақтылайды. Сонымен бірге, жаңа Конституцияда азаматтардың құқықтарын қорғаудың құқықтық кепілдіктері күшейтілген. Атап айтқанда, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды мемлекет есебінен өтеу міндетінің бекітілуі азаматтардың заңды мүдделерін қорғауда маңызды рөл атқарады. Менің пайымдауымша, жаңа Конституцияның тарихи маңызы – мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікті нығайтуында. Заң үстемдігі қамтамасыз етіліп, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігі артқан сайын халықтың мемлекетке деген сенімі де нығая түседі. Сондықтан жаңа Ата Заңды әділетті қоғам қалыптастырудың, азаматтардың құқықтарын қорғаудың және елдің тұрақты дамуының берік құқықтық негізі деп санаймын.