Қазіргі таңда даулы мәселелер ұлғайып, сотқа жүгінушілердің саны жылдан-жылға артып жатқаны статистикалық деректерден белгілі. Бітімге келу, татуласу, бір-біріне кешірім беру тәжірибелерінің біздің ұлтымыздың өткен тарихында бар болғаны бәрімізге аян.
Елбасымен Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы қабылданып, 2011 жылдың 5 тамызынан бастап қолданысқа енгізілді.
Арал аудандық баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы заңның және тараптардың бітімге келуі негізінде, аудандық сотта «Қазақстан Халық Банк» АҚ-ның филиалында бақылаушы кассирі қызметін атқарып жүріп, өзінің қызмет бабын пайдаланып, өзіне сеніп тапсырылған банк қоймасында сақтауда тұрған 705725 теңге ақшаны иеленіп ұрлап алып, жеке бас пайдасына жаратып, ысырап еткен сотталушы Т.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотталушы Т. сот талқылауында өзінің кінәсін мойындап және жасаған әрекетіне өкініп, жәбірленушімен медиация тәртібімен татуласуына және келтірілген материальдық шығынды толық қалпына келтіруіне байланысты қылмыстық істі қысқартуды сұрады. Жәбірленуші өкілі де өзара медиация тәртібімен татуласқандарын және сол себепті басқа қояр талап-тілегінің жоқ екенін көрсетіп, сотталушыға қатысты қылмыстық істі қысқартуды сұрады.
Сот осы қылмыстық істі және іс бойынша барлық мән-жайларды ескеріп, сотталушы Т.-ны қылмыстық жауаптылықтан босатып, қылмыстық істі қысқарту жөнінде қаулы қабылдады.