БҰҰ менеджерлері үкімет бюджетін үнемдеуді үйретеді
БҰҰ-ның жоба менеджерлері Қазалы ауданында болып, «Экономикалық, әлеуметтік және қоршаған ортаны қорғау қызметтерін атқаруда инновациялық тәсілдерді қолдану арқылы Қызылорда облысының тұрғындарының, соның ішінде әлжуаз топтар өкілдерінің әл-ауқаты мен өмір сапасын жақсарту» бағдарламасы талқыға салынды.
Бағдарлама халықтың өмір сүру сапасын көтеру және Қызылорда облысындағы аудандардың дамуына қол жеткізу мақсатын көздейді. Бұған ұқсас жобалар осы уақытқа дейін Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында іске асқан. Жоба менеджерлері бағдарламаның үкімет бюджетін үнемдеуге бағытталғандығын айтады. Жергілікті өзін-өзі басқаруға арналған бұл дамыту процесі биылғы жылы облыс бойынша Арал, Сырдария, Қазалы аудандарында жүзеге асырылмақ.
Сондай-ақ, БҰҰ-ның Шығыс Қазақстан облысындағы менеджері өз тәжірибелерімен бөлісті. Жоба менеджерінің айтуынша, бағдарлама аясында Семей өңіріндегі бірнеше аудан мен ауылдық округтердегі саябақтар жөнделіп, бірнеше спорт кешендері пайдалануға берілген.
Жоба менеджерлері атап көрсеткендей, БҰҰ-ның даму бағдарламасы халықтың барлық топтарымен тығыз жұмыс жасайды. Және елдердің мемлекеттік құрылымына ықпал жасай отырып, олардың дағдарсықа қарсы жұмыстарының күшейуіне және әр азаматтың өмір сапасының жақсаруындағы қадамдарды қолдайды.