Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Мал ұрлығы неге көбейіп тұр?

Қызылорда облысы әкімдігінің ахуал орталығында облыстық құқық қорғау органдарының заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру Кеңесінің жоспардан тыс көшпелі отырысы өтті. 

 

Отырысқа облыс әкімінің орынбасары С.Қожаниязов және онлайн-режимдегі бейнебайланыс арқылы қала, аудан әкімдері мен құқық қорғау және арнаулы органдардың басшылары мен қызметкерлері қатысты. 
Мал ұрлығымен күресте және әшкерелеуде ішкі істер органдарының атқарған жұмыстарының тиімділігі мен заңдылыққа бағытталған мүдделі органдардың жұмыстарының пәрменділігі талқыланды. Облыстың елді мекендердегі тұрғындары, негізінен мал шаруашылығымен айналысып, халықтың қосалқы, кей жанұялардың негізгі  күн көріс көздерін құрайды. 
2014 жылы облыс көлемінде 783 мал ұрлығы қылмысы тіркеліп, оның 374-і топпен жасалған. Ал, 2015 жылдың 2 айында осы санатта 234 қылмыстық құқық бұзушылық бірыңғай тізілімге тіркеліп, 169-ы ірі қара мен 65 ұсақ мал қолды болған. Аталған қылмыстар есік алдындағы қорадан, өрісте, тас жол бойында жайылып жүрген жерінен  ұрланған. Мал ұрлығы қылмыстарының өсуінің бірден-бір себебі - қомақты пайда табу және ұрланған малды өткізу орындарының болуы, малдарының жоғалғаны туралы иелерінің құқық қорғау органдарына кеш хабарласуы болып отыр.
Сонымен қатар, мал шаруашылығымен айналысатын шаруа-қожалық иелері мал қораларына тиісті назар аудармайды. Күзетші, бақташы жалдаудан бас тартуы ұрлық жасауға ықпалын тигізуде. 
Жалпы облыс көлеміндегі 147 ауылдық округтың 66-да ғана пада ұйымдастырылып, бақташымен қамтылған. Мысалы, Қазалы ауданы, «Қызылқұм» ауылдық округінде пада жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастыру нәтижесінде соңғы екі жыл көлемінде бірде-бір мал ұрлығы орын алмаған. Ал, осы ауданның «Қарашеңгел» ауылдық округінде пада мен бақташы қамтамасыз етілмеуінен, 2014 жылдың өзінде 50 мал ұрлығы тіркеліп, 72 бас мал (ірі қара-36, жылқы-24, уақ мал-12) барымташылармен қолды болған.
Осы қылмыстың алдын алуда ауылдық елді мекендерде  бақташыларды ұйымдастырылса - мал ұрлықтарының алдын алу мен жұмыссыздықтың азаюына септігін тигізер еді. Мал шарушылығымен айналысатын азаматтарға малды сырғалау немесе заманауи ақпараттық тасығыштарды қондыру мәселесі бойынша үгіт нәсихат жұмыстарын арттыруды қажет етеді. Прокуратура органдарының бастамасымен жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының қатысуымен 21 ведомствоаралық жедел мәжіліс, семинар-кеңес өткізіліп, осы санаттағы қылмыстылықтың алдын алу бағытында іс-қимылдар белгіленіп, жүзеге асырылуы бақылануда.
Мысалы, 13.02.2015 жылы Сырдария аудандық прокуратурасының бастамасымен осы санаттағы қылмыстылықпен күресудегі туындаған қиыншылықтар мен атқарылған жұмыстар Қызылорда облыстық ішкі істер Департаменті, аудандық билік органдары,  «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің қатысуымен талқыланып, семинар кеңес өткізілді.
2014 жылы соттарда осы санатта  барлығы 19 қылмыстық іс қаралып, оның 8 іс бойынша 14 адамға қатысты  айыптау үкімдері қабылданса, 20 адам жөнінде 11 қылмыстық іс тараптардың өзара татуласуына байланысты ақталмайтын негізбен өндірістен қысқартылған. Мысалы, бұрын мал ұрлығы үшін сотты болған М.Ермекбаев Шиелі ауданы, Н.Бекежанов ауылының тұрғыны Кенжалиевтің ауласындағы 1 200 000 теңге тұратын  тоғыз жасар асыл тұқымды жылқысын  жасырын ұрлағаны үшін, аудандық соттың үкімімен 5 жылға бас бостандығынан айырылды. 
Отырыс соңында кеңес мүшелерімен жоғарыда келтірілген ақпараттар назарға алынып, нәтижесі талқыланып, бірлескен іс-шаралар қабылданып, құқық қорғау және атқарушы органдарға тиісті тапсырмалар берілді. Атап айтсақ,  осы қылмыстың алдын-алу мақсатында облыс бойынша жеке адамдар мен шаруа қожалықтарының меншігіндегі малдарды түгел бірдейлендіру (чип, таңба салу), ветеринариялық паспорт беру шараларын толықтай іске асыру; Мал ұрлығына байланысты ахуал күрделенген аумақтарда қоғамдық ұйымдарды (ақсақалдар кеңесі және т.б.) кеңінен тарту;
Мал ұрлығы қылмыстарының әшкерелеу тиімділігін көтеруде оны ашуға жәрдемдескендерге қаржылай сыйақы төленіп, жария етілмейтіні туралы тұрғындар назарына жеткізіп, орын алған қылмыс бойынша мәліметтерді сенімді телефондар арқылы хабарлау жөнінде тиісті насихат жұмыстары жүргізу; Патруль қызметінің жұмысын күшейтіп, түнгi күзет жұмыстарына сарбаздар мен мобильдік топтарды тарту жолын жандандыру ұсынылды. Аталған сұрақ бойынша үстіміздегі жылдың қыркүйек айында шешімдердің орындауын қайта қаралып, тиісті жауапты тұлғалардың осы бағытта атқарған жұмыстары тыңдалуы белгіленді. Сонымен қатар, Қызылорда облыстық прокуратурасымен облыс бойынша мал ұрлығы қылмысының төлқұжаты мен әдістемелік құралдар  әзірленіп, құқық қорғау органдарына таратылды. 

Ботакөз Сейіл,
облыстық прокуратураның
баспасөз хатшысы

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: