Аппарат мәжілісінде Қазақстан халқының бірілігі күні мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу барысы талқыланды.
Мереке күндері қандай шаралар өтетінін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ғайнулла Жарқынбаев хабарлады.
Мәселен, 1 мамыр күні Орталық алаңда Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне орай театрландырылған қойылым және этно-мәдени орталықтардың қатысуымен «Достық» өнер фестивалі ұйымдастырылады. Бұған қоса, этно ауыл стилінде этно-мәдени орталықтардың көрмелері, кіші қойылымдары өткізіледі. Спорттық жарыстар, жастардың «Сыр елі – достық мекені» атты флэш-моб акциясы ұйымдастырылады. Осы күні Тұңғыш Президент саябағынан Орталық алаңға дейін «Біздің күшіміз бірлікте!» ұранымен велошеру ұйымдастыру көзделуде.
Ал, 7 мамыр күні Астана қаласында Әскери парад пен салтанатты концерт өткізу жоспарлануда. Осы Әскери парадты тұрғындар Орталық алаңдағы Лэд-экран арқылы тамашай алады. Сондай-ақ, әскери техника, қару-жарақ көрмесін және қоян-қолтық ұрыстардың көрінісін ұйымдастырылмақ. Осы күні Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрында Отан қорғаушы күні мен Жеңістің 70 жылдығына арналған мерекелік салтанатты жиын өткізіледі.
8 мамыр күні «Ұлы Жеңісті жырлаймыз» атты республикалық ақындар айтысы, 9 мамыр күні Тағзым алаңында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған митинг, гүл қою рәсімі ұйымдастырылады.
Тағзым алаңында осы күні 5 ақ шатыр орнатылып, онда қала тұрғындарына әскери астан дәм тату ұсынылады. Іс-шара соңы әскери-патриоттық концертке ұласады.
Басқарма басшысының баяндамасын тыңдаған облыс әкімі Қ.Көшербаев мерекелік іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуді тапсырды.