Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Ішкі істер органдары ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Ішкі істер органдары ардагерлеріне құрмет көрсетілдіБіріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының 1990 жылғы 14 желтоқсандағы кезекті отырысында 1 қазан – Дүниежүзілік қарттар күні деп белгіленгеннен бері елімізде жыл сайын осы күн кеңінен аталып өтіліп, қарияларымызға құрмет көрсетіліп келеді. 
Айтулы күнге орай, бүгін қызылордалық полицейлер салтанатты іс-шара өткізді. Салтанатты іс-шараға ішкі істер органдарының ардагерлері, департамент және басқарма басшылары мен жеке құрам түгел қатысты.
«Қос тойың  қабат болсын» деген қазақ халқы. «Қарттар күні» мерекесімен қатар ішкі істер органдарының ардагерлері Бержанов Маханбет Бержанұлы мен Сақтағанов Дәуітбай 90 жасқа және Мустафаев Майлыбай 80 жасқа толу мерей тойлары да тура келіп отыр. 
Өмірдің талай белестерінен  табысты өтіп, бүгінде алып бәйтеректей бір әулеттің ақылшы тірегі, ұжымның арқа сүйер ардагерлерін сөз бастап  Қызылорда ОІІД бастығы полиция полковнигі Ж.Сүлейменов құттықтады. 
«Бүгін, еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта да Сіздер ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, парасаттың үлгісін танытудан жалыққан емессіздер. Осы атаулы мереке қарсаңында Ішкі істер органдарының ардагерлері Бержанов Маханбет, Сақтағанов Дәуітбай және Мустафаев Майлыбай ағаларымыздың мерей тойлары қатар келіп отыр. Осыған орай, барлық қарттарымыз бен мерей той иелерін бүгінгі ұрпақ үшін жасаған бар жақсылықтарыңызға алғысымды білдіре отырып, өмірлік күш-қуаттарыңыз ұзағынан болсын!» - деп құттықтады департамент бастығы Ж.Сүлейменов. 
Шара барысында Қызылорда облысы ішкі істер органдарының зейнеткерлерін марапаттау туралы департамент бастығының бұйрығына сәйкес, ОІІД-нің «Құрмет грамотасымен» Бержанов Махамбет Бержанұлы, Мұстафаев Майлыбай, Сақтағанов Дәуітбай, Байтұқаев Пірімбет, Оразымбетов Шалқар, Михеева Нина Ивановна және Ибраев Темірхан марапатталып, 30-дан аса ардагер «Алғыс хатпен»  марапатталды. 
Сонымен қатар, Қызылорда ОІІД жанындағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Пейсов құттықтау сөз сөйлеп, қарттарды ұлықтауға бағытталған  болашақтағы жоспарларымен бөліссе, ішкі істер органдарының ардагері, Журналистер Одағының мүшесі Қазыбек Әшірбекұлы  мерей той иелеріне жыр шумақтарын арнады. 
Салтанатты іс-шара мерекелік концертке ұласып, ардагерлер назарына мерей той иелеріне арналған бейнероликтер ұсынылды. 
Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, еліміздің бейбітшілік, тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан, еңбектің зейнетін көріп отырған шақта әр ұрпаққа игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытқан ардагерлер өз кезегінде іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. 

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: