Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде қазақ халқының салт-дәстүрлері мен мәдениетін дәріптейтін «Ата дәстүр – асыл қазына» атты шеберлер фестивалі өткізілді. Облыс әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы қатысқан шарада аймағымызға белгілі қолөнершілердің көрмесі ұйымдастырылып, олар оқушыларға және мереке қонақтарына ұлттық құндылықтарды дәріптейтін түрлі бұйымдарды өз қолдарымен әзірлеуді үйретті. Бұл туралы Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы Елена Рыбина хабарлады.
Облыс әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы аталмыш шараның маңыздылығын атап өтіп, мектеп жұмысына сәттілік тіледі. «Жастар ата-бабаларынан қалған асыл мұраны білу қажет, - деді өз сөзінде Рауан Кенжеханұлы. – Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушылардың интеллектуалдық білімдерін дамытып қана қоймай, тәрбиесіне үлкен мән беретіні қуантады. Өскелең ұрпақ өз ата-бабаларының салт-дәстүрлерін ұмытпай, арттыру керек».
Кілем тоқу, киіз басу, құрақ көрпе тігу, сырмақ сыру сияқты қазақ халқының тұрмыстық мәдениеті - өзінің тереңдігімен және даналығымен ерекше. Ұлттық қолөнер тарихына үңілу мақсатымен Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы шақырған қолөнер шеберлері оқушыларға және фестивальға келген барлық қатысушыларға өздерінің еңбектерін таныстырып, ұмытылып бара жатқан қазақ халқының салт-дәстүрлері мен мәдени мұрасын жандандырды.
– Ұлттық мәдениеттің бір бөлігі саналатын еңбектері бар азаматтарды шақыру арқылы біз оқушыларымызды ұлттық шығармашылықтың қайнар көзіне араластырып олардан түрлі бұйымдарды және әшекейлерді дайындау бойынша шеберлік сабақтар алуға мүмкіндік жасауды мақсат еттік» - дейді мектеп басшысы Гүлмира Мункеева.
Қонақтар арасында ерекше қызығушылық танытқан қолөнер түрлері - көзешілер мен зергерлердің жұмыстары. Қолөнершілер Дәулет Дәлдабекұлы мен Бекзат Жақыпов оқушылармен бірге керемет ұлттық оюлары бар білезіктер мен керамикалық ыдыстар дайындады. Ал теріден бұйымдарды дайындау ауылында қолөнер шебері Кенже Бабасова қыздар қауымын теңдесі жоқ әшекей бұйымдарын дайындау техникасымен таныстырды. Сонымен қатар, мереке қонақтары ұлттық тағамнан дәм татып, үй жағдайында құрт, айран, қаймақ пісіру әдістерін үйренді.
Қарлыған Ілясова мен Гүлзина Алпысбаева – құрақ көрпе мен кілем тоқу өнерінің шеберлері. Аталмыш фестивальға өзінің ең көрікті әрі қызықты жұмыстарын алып келді. Кестелеп тігілген төсегіштер мен ұлттық ою-өрнектерімен безендірілген қара үйдің жабдықтары әлі күнге дейін халық арасында сұранысы жоғары. Қолынан өнер тамған шеберлер шеберлік сабақтарында тігу, тоқу жіне кестелеу техникасының қыр-сырымен таныстырды.
Шеберлердің басым көпшілігі - облыстық және республикалық қолөнершілер байқауының жеңімпаздары. Мәселен, кәсіпкер Райхан Құрманалиеваның ерекше кестелеуімен көріктендірілген қазақи ұлттық киімдер еліміз бойынша бірнеше рет үздік деп танылды.
Шараның жоғары деңгейде өтуін атап өткен қала әкімінің орынбасары Базартай Жандос Базартай да барлық жиылғандарды мерекемен құттықтап, Зияткерлік мектеп оқушыларының сапалы білім алуға құштарлығына тамсанды және қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың атынан мектеп директорына алғыс хат табыстады.
Спорттық алаңда ерекше қызық болды, қонақтар асық ату, ләңгі тебу, қол күрес пен арқан тарту секілді спорттық сайыстарда бақ сынап, керемет көңіл күйге бөленді. Сондай-ақ балалар шығармашылығының көрмесі ұйымдастырылып, қайырымдылық жәрмеңкесі өткізілді. Мерекенің ең құрметті қонақтары – мүмкіндігі шектеулі балалар өз құрдастарымен өткізген әрбір минутына қуанып, барлық шараларға белсене қатысты. Балаларға деген қамқорлығы мен оларға деген құрметтің белгісі ретінде «Шаңырақ» мүшелері қамқорлықтағы балаларға велосипед, караоке қондырғыларын сыйлық ретінде үйлестірді.