Маусым айынан бастап Қазақстандық ХҚКО-ларда пилоттық режимде 35 жаңа қызмет қолжетімді болды. Атап айтқанда, енді халыққа қызмет көрсету орталықтарына салық есептілігін қабылдауға/кері қайтаруға, дара кәсіпкерлерге патент беруге, қорғаншыларға немесе қамқоршыларға жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап-бағуға жәрдемақы тағайындауға, Қазақстан Республикасына жеке істер бойынша кіруге шақыруларды ресімдеуге және т.б. үшін жүгінуге болады.
«ХҚКО» РМК бас директоры Әсемгүл Балташеваның айтуы бойынша қазіргі уақытта 9 мемлекеттік органның 35 қызметі берілді. «Әзірше осы қызметтердің стандарттары қаралып жатқанда, олар ХҚКО-ларда пилоттық режимде ұсынылатын болады. Оларды бекіткен соң, пилоттық жоба аяқталады және қызметтер ХҚКО-ларда жалпы негізде көрсетілетін болады», - деп атап өтті.
Балташева сонымен бірге ҚР ХҚКО-ларына жаңа қызметтерді ендіру бойынша жұмыс жалғасатынын хабарлады. Жыл аяғына дейін ХҚКО-ларға тағы да 20-дан астам жаңа қызметтер, олардың ішінде инвестициялар және даму, ауыл шаруашылық, әділет, қаржы және қорғаныс министрліктерінің қызметтерін ендіру жоспарлануда екендігін айта кетелік.
Осылайша, ХҚКО-ларда көрсетілетін қызметтер саны 212-ге жетеді. 2011 жылы Халыққа қызмет көрсету орталықтары барлығы 59 қызмет көрсеткенін, 2012 жылы – 113, 2014 жылы олардың саны 171 жеткендігін айта кетейік.
ҚР ХҚКО-ларда ағымдағы жылғы 4 ай ішінде көрсетілген қызметтер саны 13 711 696 құрайды, соның ішінде 10 миллионнан астамы - электрондық.