Ағымдағы жылдың маусым айының 19-22 күндері аралығында облыс көлемінде көлік жолдарындағы тәртіпті күшейту, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған «Қауіпсіз жол» профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Бұл жайында облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметі хабарлады.
«Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасы аясында жол-көлік оқиғаларының артуына септігін тигізетін жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу жағдайларын анықтауға және жолын кесуге бағытталған бірқатар рейдтік және алдын алу шараларын өткізу жоспарланған болатын.
Жүргізілген рейдтік жұмыстардың 3 күнінде көлік жүргізушілерімен орын алған 1475 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелсе, оның 31-і – көлік құралын мас күйінде басқару дерегі бойынша, 271-і – көлiк құралын басқару кезiнде жүргiзушiнiң телефонды не радиостанцияны пайдалану дерегі бойынша, 197-сі – көлiк жүргiзушiлерінiң белгiленген жүру жылдамдығын арттыру дерегі бойынша, 386-і – қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқару дерегі бойынша заң бұзушылықтар анықталған. Сонымен қатар, қоғамдық көлік жүргізушілерімен 103 құқық бұзушылықтар орын алған. Аталған деректер бойынша тиісті әкімшілік шаралар көрілді.