Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Нұрмұхамед Әбілқасымов: «Мен үшін бұдан асқан бақыт жоқ!»

 

Біз ақын Нұрмұхамед Әбілқасымов жайында бұрын да айтқан болатынбыз. Мүмкіндігінің шектеулігіне қарамастан Нұрмұхаммед ақын бірнеше жыр жинақтың авторы. Ол өмірдегі барлық қиындықты төзіммен, сабырмен жеңген ақын. Ақынның «Тасжарған» атты алғашқы жыр жинағын да сіздерге алғаш болып сүйінші сұрап ұсынған болатынбыз. Өлеңдерін аузына таяқша тістеп, ұялы телефонға ғана хабарлама түрінде  жазып, не бары 4-5 жылдың ішінде ақындық әлемде төселіп, екі жыр жинақ шығару деген бұл – үлкен жетістік. Ақынның отбасында тағы бір қуаныш! Аяулы ақын шаңырақ көтерді. Астанадан алыста жатса да, ақынды телефон арқылы алғаш болып құттықтап, сұхбаттасқан едік.
– Нұрмұхамед аға, жақында шаңырақ көтердіңіз. Құтты болсын! Осы қуанышты естіп бәріміз қуанып қалдық...
– Рахмет, қарындасым! Алланың қалауымен менде шаңырақ көтердім. Маған Алла бұл күнді де көрсетті. Жасаған иеміз барлық сынақтардан алып өтіп, бақытын ұсынды. Осыған дейінгі өмірім мың күдікпен арпалысып өткен еді. Осылай өмірден өтермін бәлкім дейтінмін. Жоқ, менің де көрер жарығым бар екен. Гүлнәр апамыздың: «Мен бақытты бола салам бір күні» деген өлең жолдарын іштей қайталап жүретінмін. Менің осы бір арманым мен тілегімді көктегі Қожайынымыз естіп, мені де елеусіз қалдырмағаны үшін сансыз шүкіршілік айтамын. Мүмкін, бұл қасиетті айда айтқан барша мұсылман бауырларымның аппақ тілегі шығар...
– Жарыңыздың есімі – Әйкерім екен. Кезінде хакім Абай өз Әйкеріміне жолығардан бұрын ән салған Шүкімәнді түсінде көреді ғой. Сол сияқты сіздер қалай таныстыңыздар? Әлде игі жандар себепші болды ма?
– Біз бұрын да таныс болатынбыз. Бізді жақын таныстырған шахмат ойыны болатын. Мен әдеттегідей шахматтан облыстық жарысқа қатыстым. Ол да сол жарысқа келіп қатысты. Әйкерімнің  өте иманды, ибалы екені мені сырттай сүйсіндіретін. Ойын арасындағы үзілісте біздер жақын сөйлесе бастадық. Әңгіме арасында Әйкерім менің оқырманым екенін, жинақтарымды, мен туралы газет-журналға, әлеуметтік желілерге шыққан мен жайлы мәліметтерді қалдырмай оқып тұратынын айтты. Іштей риза болып қалдым. Әйтпесе, қазір өлең оқылмайтын заманда, мен тұрмақ тірі классик ақындардың өзін оқымайтын заманда бұл маған қуаныш болып сезілді. Әңгіме арасында ол: «Аллаға шүкіршілік, сіз өз ортаңызда танымалсыз, зерек жансыз. Аға, сіздің ендігі арманыңыз не?» деп сауал тастады. Көкейімде қанша жылдан бері тұншығып жатқан асыл  арманымды айтуға жүрексіндім. Жымиып қоя салдым. Аздаған үнсіздіктен соң: «арманым – отбасын құрып, сәби сүйіп, Алланың разылығын алу» дедім. Әйкерім маған таңданыспен қарады. Сөйтсем ол менің отбасым, балаларым бар деп жүр екен. Туғаннан осы ауыр халмен дос екенімді қайдан білсін...
– Әйкерімнің жасы не бәрі 18 де ғана екен. Бұл заманда бұл жастағы қыздар бір отбасының еркетотайы. Сіздердің жас айырмашылықтарыңыз да бар. Сезіміңізді қалай білдірдіңіз?
– Жоғарыдағы әңгімеден кейін ол менімен жақын әңгімелесіп, сырласа бастады. «Менің осы жағдайымды біле тұра маған  жар болатын аяулы ару болса ғой шіркін» деген тілегімді білдіріп, арбаммен алға қарай жөнеле бергенімде ол мені тоқтатты.
«Аға, аға, тоқтаңызшы, біле білсеңіз сіз маған ұнайсыз. Сіздің темірдей төзіміңізді, аппақ жүрегіңізді сырттай ұнатып жүретінмін. Бірақ, айтуға ұялып, сіздің отбасыңыз бар деп ойлайтынмын. Сіздің әрбір өлеңіңізді оқыған сайын сізді іштей түсінетінмін. Алланың разылығы үшін сіз секілді қазақтың бір ақынын бақытты етсем деп едім» дегенде мен шыдамай жылап жібердім. Шынымды айтсам, соңғы рет бұлай жылағаным есімде де жоқ. Осы уақытқа дейін азаптан, қасіреттен жылаған шығармын. Бірақ, бұл шынайы қуаныштың көз жасы еді...
– Сіздің Әйкеріміңізге сырттай қатты сүйсініп отырмын. Батыл, батыр қыз екен. Жарыңыздың қандай қасиеттерін ұнаттыңыз?
– Шыншылдығын, имандылығын ұнаттым. Жас болса да аузынан Алласын тастамайтын ибалы мінезін ұнаттым. Мені түсінетін, жағдайымды айтқызбай ұғатын сабырлығын, төзімін ұнаттым. Маған деген шексіз мейірімін ұнаттым. Міне, бүгін таңғы асымды аяулы жарымның қолынан ішіп отырмын. Әлемде бұдан асқан бақыт жоқ мен үшін! Қазір көпшілігіміз мейірімге мұқтаж жандармыз. Бір жылы көзқарастың өзі адамға бақыт сыйлайтын заманда өмір сүріп жатырмыз. Мені осындай шексіз мейіріміне бөлеген Алла Тағалаға сансыз шүкіршілік айтамын.
P/S: Шындығында Жаратқан иеміздің бір кереметі осы болар. Ақынның ендігі қуанышы – жолын жалғайтын сәбилері болсын деп тілейік. Әрдайым шаңырағыңыздан шаттық үзілмесін, аяулы ақын!
 
 
Сұхбаттасқан: Салтанат Қожа.
 
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: