Қызылорда облысының тұрғындары “адамдар түрегеліп жүріп, өліп жатыр” деп дүрлігуде
Қызылорда облысының тұрғындары "адамдар түрегеліп жүріп, өліп жатыр” деп дүрлігуде деп хабарлайды 31 арна.
Үрейлі жұрт белең алған белгісіз дертті күкірт қышқылы зауытынан шығатын түтіннен көреді. Ауаға тараған лас иістен тыныс алуымыз тарылып тұншығып жатырмыз дейді.
Ал кейінгі кезде қайғылы оқиғалар көбейгелі, денсаулықтарына тіпті алаңдаған тұрғындар, үкімет тарапынан жедел шара қолданылуын талап етіп шошынып отыр.
Жапар Әділбеков – екінші топтағы мүгедек. Шағымданушының айтуынша, киім-кешектері мен көрпе-төсектеріне дейін жағымсыз иіс сіңіп қалған. Зауыт өте жақын орналасқандықтан жапа шегіп отырмыз дейді.
Сондықтан өндіріс орнын сүруді немесе тиісті жәрдемақымен қатамасыз етуді талап етеді. Осылайша ауыл халқы не далада, не үйде еркін тыныстай алмай отырғандарын айтады. Олар басқа жерге көшкілері-ақ келеді.
Бірақ мүмкіндіктері жоқ. Тұрғындар ішіп отырған суларының да улы химикаттарға ластанатынын айтады.
Ал өндіріс орнындағылардың айтуынша, уран өнімінің орналасу аумағына байланысты құрылыс алаңы ретінде осы ауыл маңы таңдалып алынған екен. Темір жолдың жақын жерде болуы да шешім қабылдауға әсер етіпті. Ал экологиялық ахуал бірқалыпты, барлық талаптарға жауап береді. Алаңдауға еш негіз жоқ дейді олар. Және халықты алып-қашпа сөздерге ермеуге шақырады.
"Бізде барлық экологиялық нормалар толық сақталады. Зауыт италиялық компания жобасы бойынша салынған. Технология – америкалық. Өте заманауи. Бұған ұқсас зауыттар бүкіл әлем бойынша бой көтерген. Зауыттағы экологиялық үрдіс ай сайын, тоқсан сайын бақыланады”, – дейді күкірт қышқылы зауытының директоры Серік Сарбасов.
Санитарлық талаптарға сәйкес жеке үйлер мен зауыт арасындағы қашықтық 500 метр болса, жеткілікті екен. Мамандар зауыттың жұмысымен таныстыру үшін аудандық қоғамдық бірлестік мүшелерімен жиі кездесулер ұйымдастырып тұрады екен.