Қызылорда қаласының тұрғыны 2019-2020 жылдары өзінің жерлестерінен «көп-қабатты үйлерден пәтер алып беремін», «пайызсыз несие алып беремін», «жұмысқа орналастырып беремін», «үйдің құжаттарын рәсімдеп беремін» деген түрлі желеумен сенімдеріне кіріп, жалпы сомасы 2 200 000 теңге көлемінде ақшаларын алған.
Алаяқтың арбауына облыстың 3 тұрғыны түсіп үлгерген. Тұрғындардан түскен арыздар негізінде Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп, нәтижесінде Қызылорда қаласының 47 жастағы азаматша құрықталды. Тергеу барысында күдікті кінәсін толығымен мойындады.
Оның іс-әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігінің 4-тармағымен сараланып, қылмыстық іс айыптау актісімен сотқа жолданды.
Қызылорда қалалық сотының үкімі негізінде айыпталушыға 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, сот жәбірленушіге келтірілген шығынды заңмен белгіленген тәртіппен өтеуді міндеттеді.