Шоқанға есім қойған ишан атындағы мешіт есігін ашты
Қасиетті Рамазан айында Қызылорда қаласына қарасты Белкөл кентінде ерекше сәулетімен салынған «Қалмұхаммед Ишан» мешіті мұсылман жамағатының пайдалануға берілді. Имандылық үйінің құрылысы жеке кәсіпкер Мұрат Нұрсейітовтің демеушілігімен жүргізілген.
Айта кету керек, 4 мыңнан астам халқы бар Белкөл кентінде осыған дейін мешіт болмаған еді.
Айтулы іс-шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, жиналған жамағатты қасиетті Рамазан айымен және мешіттің ашылуымен құттықтады.
- Бұл имандылық ордасының ашылуы Ораза айына тамаша тарту болды деп ойлаймын. Бүгінгі оқиға өңіріміздің имандылыққа бет бұрып, жамағаттың көбеюінің айғағы. Рухани құндылықтың мекені – мешіт санының артуы дінмен бірге қоғамның да діңгегін нығайтады. Сондықтан, асыл дінімізге қолдау көрсету – біздің елдік парызымыз, - деді аймақ басшысы.
Бүгінгі күні еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар рухани құндылықтарымыз да жандануда. Тәуелсіздік алған жылдары Қызылорда облысында 23 мешіт болса, қазіргі таңда 148 мешіт қызмет көрсетуде. Жаңа мешіттің жер көлемі 1 гектар жерді құрайды. Жалпы, құлшылық үйінде бір мезетте 300-ден астам адам намаз оқи алады. Одан бөлек мешітте дәріс бөлмелері де бар. Бұл жастардың діни сауатын ашуға үлкен мүмкіндік береді. Бес мұнаралы сәнді де сәулетті мешіттің «Қалмұхаммед Ишан» деп аталуы да бекер емес. Алты алаштың анасы атанған Сыр елі – елін имандылыққа баулыған, халқын рухани бірлік пен тұрақтылыққа шақырған дін және қоғам қайраткерлерімен ерекшеленеді. Солардың бірігейі Марал ишанның ұлы Қалмұхаммед (Қалқай) ишан болған.
Бұхара мен Бағдат қалаларындағы ірі діни медреселерінде 25 жылға жуық оқып келіп, мешіт, медресе салып, жастарға мұсылмандық білім берумен қатар, елді егіншілікке үйреткен. Қазақтың біртуар перзенті Шоқан Уәлихановтың мұсылманша есімін Мұхаммед-Ханафия деп қойған осы Қалмұхаммед ишан екенін атап өткен жөн.