Қазалылық кәсіпкер Сандуғаш Әбілхасымқызы біздің ауданның бренді саналатын «Қазалы» конфетінің 8 түрін шығаруда.
Олардың арасында ащы кәмпитпен қатар, рокс, соломка, барбарис, апельсин, лимон, дюшес, шоколад сияқты түрлері бар.
Сандуғаш Әбілхасымқызы бұл кәсіппен айналысуды 2018 жылы бастап, бастапқы уақытта конфеттің 3-4 түрін шығарған. Әдепкіде дайын өнімдерді аудан орталығындағы сауда нүктелеріне өткізген. Кейін бұл конфеттің дәмін татқан жандардан сұраныс көбейіп, тіпті көрші аудандардан да тапсырыстар түсіп, конфет түрлерін көбейтуді жоспарлайды.
Қазіргі таңда конфет шығару отбасылық кәсіпке айналған. Жеке кәсіпкердің қызы Меруерт Темірбай анасына қолғабыс қылуда. Ол өткен жылы «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқу курсынан өтіп, 555 600 теңге грант иегері атанды. Бұл қаржыға конфет шығару цехына қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған.
Шағын цехтағы 3 кондитер маманы күніне 100-150 келі конфет түрлерін дайындайды. Сандуғаш Әбілхасымқызы алдағы уақытта конфет түрлерін 1 келілік дайын қаптамаларда шығаруды жоспарлап отыр.