Арал аудандық сотында Қазақстан Республикасының ҚК-нің 131 бабының 1-бөлігімен азаматша Е.-ге қатысты қылмыстық теріс қылық туралы іс қаралды. Бұл жөнінде аудандық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Іс құжаттарына сәйкес, сотталушы Е., бұрыңғы күйеуінің қазіргі әйелі К.-ның ұялы телефонына, үй телефонына бірнеше мәрте қоңырау шалып, неше түрлі анайы түрде сөздер айтып, жеке айыптаушы К.-ның ар-намысын, абыройы мен қадір-қасиетін әдепсіз түрде кемсітіп, қорлаған.
Сотталушының қылмыстық теріс қылық әрекеті, сотта өзінің айыбын мойындап берген жауабымен, жәбірленушінің, куәлардың және маманның жауаптарымен сондай-ақ, іс құжаттарымен толық дәлелденген.
Сот үкімімен ол, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 131 бабының 1 бөлігімен кінәлі деп танылып, 25 айлық есептік көрсеткіш 49550 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Үкім заңды күшіне енбеген.