Мұнай-газ компаниялары өкілдерімен семинар-кеңес өткізілді
Қызылорда облысы ішкі істер департаментінің мәжіліс залында департамент бастығының орынбасары полиция полковнигі Ә.Шаймағамбетовтің төрағалық етуімен және облыстық прокуратура, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен Қызылорда өңірінде орналасқан мұнай-газ компаниялары өкілдерінің қатысуымен семинар-кеңес өткізілді.
Аталмыш шараның басты мақсаты – шетелдіктермен Қазақстан Республикасының аумағында болу қағидаларын бұзуды болдырмау, олармен жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында түсіндірме беру және шетелдіктерге, оларды қабылдаушы тараппен жұмыс берушілерге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген талаптарды түсіндіру болып табылады.
Семинар-кеңесті Қызылорда ОІІД бастығының орынбасары полиция полковнигі Ә.Шаймағамбетов ашып, өткізілгелі отырған семинардың мақсаты мен міндетін қысқаша баяндап, семинар-кеңестің бағдарламасымен таныстырып өтті.
Семинар барысында Көші-қон полиция басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі С.Умаровтың баяндамасы тыңдалды. Ол өз сөзінде жыл басынан облыс аумағында шетелдіктердің Қазақстан аумағында болу, келу-кету ережелерін сақтау жағдайына жүргізілген рейдтік шаралар барысында шетел азаматтары тарапынан жасалған 3530 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, сот қаулысымен 198 шетел азаматы ел аумағынан аластатылғанын жеткізді.
Сонымен қатар, шетелдіктер тарапынан Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтудің 4 дерегі, шығарып жіберу туралы сот шешімін орындамаудың 7 дерегі анықталып, қылмыстық істер қозғалды.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2013 жылғы 10 желтоқсандағы ҚР №153-V Заңына сәйкес, еңбек көшіп келушісіне рұқсаттар беру, ұзарту және кері қайтару қағидасы бойынша, ағымдағы жылдың 6 айында еңбекші көшіп келушіге барлығы 2934 рұқсаттар рәсімделіп, олармен жергілікті бюджетке 32 млн. 928 мың теңге мөлшерінде салық төленді.
Семинар соңында қатысушы қонақтар өз тәжірибелерінде келеңсіздік тудыратын кейбір жайттарға қатысты ақыл-кеңес сұрап, көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Семинар-кеңес құқық қорғау органдары қызметкерлерінің еліміздің жаңа қылмыстық заңнамалары төңірегінде өзара пікір алмасуымен аяқталды.