Қызылорда қаласында 300-ге жуық отбасы қоныстанған 25 апатты жағдайдағы тұрғын үй бар. Бұл мәселені толықтай шешу мақсатында 2013 жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 6 жаңа көп қабатты тұрғын үйлердің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленді.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, тұрғын үйлердің 3-ін Титов мөлтек ауданында, қалғанын Жаппасбай батыр көшесіне салу жоспарланды. Сол 2013 жылы Титов мөлтек ауданында алғашқы 24 пәтерлік 1 тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Ал 2014 жылы Титов мөлтек ауданында және Жаппасбай батыр көшесінде 60 пәтерлік 2 тұрғын үйдің құрылысы басталған болатын. Биыл Жаппасбай батыр көшесіндегі құрылысы басталған бір тұрғын үйді жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Келесі жылы Титов мөлтек ауданындағы 60 пәтерлік тұрғын үйді наурыз-сәуір айларында, 100 пәтерлік тұрғын үйді жылдың соңына дейін пайдалануға беру көзделуде.
Қазіргі таңда апатты жағдайдағы тұрғын үйлерде тұратын азаматтардың 298-і үй кезегінде. Сондықтан үйлер заңнамалық талаптарға сай реттілікпен берілетін болады.
Өткен жылы облысымызда «Қолжетімді баспана» және «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламалары аясында 466 отбасы баспаналы болды.
Жалпы, жыл ішінде облыста республикалық, жергілікті бюджеттерден бөлінген қаражаттарға және «Қазақстанның Ипотекалық Компаниясы» Ипотекалық Ұйымы» АҚ және «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры есебінен 158,7 мың шаршы метрді құрайтын 2440 пәтерді пайдалануға берілмек. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4-5 есеге артық.