Арал ауданында «Жастар ресурстық орталығы» КММ , «Жас Арал өрендері» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен орталық алаңда "Домбыра party" өтті. Кеште дәстүрлі жыр-термелер, күмбірлеген күйлер шалқыды.
Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, домбыраның дауысына елтіген көшедегі жастар жиналғандар санын арттыра түсті. Қатарға жаңадан қосылған өнер сүйер жандар да тек тамашалап қоймады. Ұлттық аспапқа деген қызығушылықтарын білдіріп, домбыраны шертіп көріп, қос ішекпен қосылып ән салып жатты.
Атап өтілер жайт, бүгінгі шара 12 тамыз - Жастар күніне орай ұйымдастырылды. Жастардың басын қосқан мәдени шара халықтық дәстүрді жасөспірім жадына бір жаңғыртса, екіншіден жас буынның шығармашылық қабілеттерін шыңдап, домбырада ойнауға деген қызығушылықтарын арттыруға себеп болуда.