Миграция талаптарын бұзған ТМД-ның 248 азаматы еліне қайтарылды
2015 жылдың 7 айында Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті Көші-қон полициясы құрылымдарының қызметкерлері шетелдіктердің құқықтарын сақтай отырып, олар тарапынан орын алған заң бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, тиісті шара көру мақсатында біршама нәтижелі жұмыстар атқаруда.
Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабаралуынша, жалпы жыл басынан бері облыс аумағына түрлі мақсаттармен келген 21331 шетел азаматы уақытша тіркеуге алынды.
Шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болу, келу-кету ережелерін сақтау жағдайына жүргізілген арнайы шолу барысында көші-қон заңнамасын бұзудың 4134 дерегі анықталып, олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңнама талаптарын бұзған 248 ТМД елдерінің азаматтары сот шешімімен республика аумағынан аластатылды.
Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2013 жылғы 10 желтоқсандағы ҚР №153-V Заңына сәйкес еңбек көшіп келушісіне рұқсаттар беру, ұзарту және кері қайтару қағидасы бойынша, ағымдағы жылдың қаңтар айында еңбекші көшіп келушіге барлығы 3677 рұқсат рәсімделді.
Аталған жұмыстар әрі қарай өз жалғасын тауып, шетел азаматтарымен орын алатын заңнама талаптарын орындамау деректерінің алдын алу мақсатында тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілетін болады.