Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы төмен салалар анықталды

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы төмен салалар анықталдыҚызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының сарапшылары мемлекеттік қызметтердің көрсетілу сапасына қатысты жүргізген қоғамдық мониторинг барысында 20 мемлекеттік органда барлығы 180 сағаттан астам бақылау жүргізген болатын. Мұнымен қоса, қоғамдық мониторинг барысында 18 фокус-группа құрылып, 50 «құпия сатып алушы» жұмыс жасады, 3000-ға жуық кәсіпкерден сауалнама алынып, 723 респондентпен сұхбат жүргізілді. 
Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметің хабаралуынша, талдау көрсеткендей, сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлердің 20 пайызы мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты қазіргі орын алған жағдай оларды мәселені шешудің заңсыз жолдарын қолдануға мәжбүрлейді деп жауап берген. 
Кәсіпкерлер мемлекеттік қызметті ең сапасыз көрсететін - жер қатынастары мен сәулет және қала құрылысы салалары екендігін айтады. Қоғамдық мониторинг жүргізу барысында қызмет алушылар қызметтердің мерзімінен кеш көрсетілетіндігін, қосымша құжаттар сұратылатындығын,  қызмет көрсету барысында кейбір қызметкерлердің біліктілігінің жеткіліксіздігін, дөрекілігін жеткізді.
Қоғамдық мониторинг қорытындысымен Кәсіпкерлер палатасы мен ҚР Мемлекеттiк қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгiнiң Қызылорда облысы бойынша департаментi бірлесіп кәсіпкерлік және туризм басқармасы мен құрылыс, сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары салаларындағы мемлекеттік органдары және салық органдарының қызметіне тексеру жүргізген болатын. Тексеру «қолдан» әкімшілік кедергілер жасау, стандартта көрсетілмеген құжаттарды сұрату, мерзімінен кешіктіріп көрсету сынды фактілерді анықтады.
Мәселен, ЖК «Ермаханованың» пәтерге қайта жаңарту жұмыстарын жүргізуге қатысты қала әкімінің қаулысына өзгеріс енгізуге қатысты өтініші қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімімен 2 ай қаралып, соңында құжаттардың жеткіліксіздігінен өтініш иесіне қайтарылған. ЖК «Шадиеваның» шаштараз құрылысын салуға қатысты өтінішін аталмыш бөлім стандартта көрсетілмеген құжаттарды сұратып, ол құжаттардың жоқтығынан қызмет көрсетуден бас тартқан. Мұндай факті одан кейін 9 кәсіпкерге де қолданылған. 
«Жалпы мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты жүргізілген қоғамдық мониторинг бұл салада қыруар проблема бар екендігін көрсетті. Мониторингтің қорытындысымен мемлекеттік қызметтердің стандарттары мен регламенттеріне өзгерістер енгізуге қатысты ұсыныстар береміз», - дейді Кәсіпкерлер палатасының директоры Руслан Досмаханов – «Осындай қоғамдық мониторингтер жүргізу арқылы біз кәсіпкерлерге қатысты әкімшілік кедергілерді азайтуды көздеудеміз. Тамыз айынан бастап «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚР Мемлекеттiк қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгiмен бірлескен іс-шаралар жоспарын қабылдады. Бұл мәселе ұдайы біздің назарымызда». 
Айта кету керек, аталмыш қоғамдық мониторинг үш кезеңде: 2013 жылдың желтоқсан айынан 2015 жылдың наурыз айына дейін жүргізілді. 
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: