Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Кәмелетке толмағандардың қылмыс жасауы алаңдатады

Кәмелетке толмағандардың қылмыс жасауы алаңдатадыҚазақстан Республикасының «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» Заңының талаптарына сай жас ұрпақ тәрбиесі өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдарға жүктелген.
Қызылорда облыстық прокуратурасында өткен "Кәмелетке толмағандар арасында қылмыстылық жағдайы, оның ішінде құқықтық профилактикасы, сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға қарсы жасалатын қылмыстардың және суицидалды мінез-құлықты болдырмау шаралары” тақырыбындағы ведомствоаралық мәжілісте аталмыш мәселе талқыланды. 
Осы міндеттелген жұмыстарды орындауда бала тәрбиесіне мүдделі органдармен бірлесе отырып, бірқатар кешенді профилактикалық іс-шаралар жүзеге асырылып, нәтижесінде 2014 жылдың қорытындысымен кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар 33,3 пайызға (159-дан 106-ға) төмендеген. Бұл сандық көрсеткіштер 2013 жылмен салыстырғанда төмендегенімен, бүгінгі күні жұбандыратын бағытты ұстанбай, баяушылық танытпауымыз керек.
Құқық бұзушылықтардың қауіпті түрі болып табылатын кәмелетке толмағандармен қылмыс жасау фактілері де жеткілікті. Есепте тұрған 287 жасөспірімдердің басым бөлігі Қызылорда қаласындағы мектептер мен колледждің оқушылары. Талдаумен қамтылған санаттағы қылмыстардың жасалу себептерінің бірі-түнгі мезгілде ата-аналар тарапынан балаларының жүріс-тұрысына бақылау орнатпай, түн мезгілінде көшеде, ойын сауық орталықтарында жүрулеріне жол берілуі болып табылады. Сонымен қатар, облыс көлемінде орын алған қылмыстардың басым көпшілігі 16 мен 18 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандармен жасалған. Оның ішінде, 17-18 аралықтағы балаларға мектепті бітіріп, жоғары оқу орындарына түсімге дейінгі мерзімде бірде бір мемлекеттік органмен бақылау және профилактикалық жұмыстары жүргізілмейтіндігі анықталды. Соның салдарынан осы жастағы тұлғалармен қылмыстар жиі жасалу мүмкіндігі жоғары болуда.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2014 жылы облыс аумағында кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған 353 (2013ж. – 283) қылмыс тіркеліп, осы санаттағы қылмыстар 2013 жылмен салыстырғанда 24,7 пайызға өскен. Оның ішінде, 1 - адам өлтіру, абайсызда кісі өлтіру-4, өзін-өзі өлтіруге жеткізу-3, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру-2, зорлау-20, он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынаста болу және нәпсiқұмарлық сипаттағы өзге де iс-әрекеттер - 17, жас балаларды азғындау - 10, кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау - 7, ұрлық - 138, тонау - 14, қорқытып алушылық - 6, бұзақылық - 39 және тағы басқа осындай қылмыстар болған. 
Мысалы, Қызылорда қаласының тұрғыны А. есімді азамат мектеп оқушысын көрінеу кәмелетке толмағанын біле тұра, күш қолданып нәсіпқұмарлық сипаттағы күш қолдану іс-әрекеттерін жасаған.
Аталған оқиға бойынша ҚР ҚК-нің 121-бабының 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, бүгінгі таңда Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралуда.
Сондай-ақ, мектеп оқушысын зорлау фактісі бойынша ҚК-нің 120-бабының 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, өкінішке орай 4 ай бойы қылмыскер тұтқындалмай келеді.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдарының басшылары тарапынан кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық профилактикасы бойынша тиісті жұмыстар атқарылмауда.
Мектеп инспекторларының жұмысы құқық бұзуға бейім оқушыларды есепке алып, олардың тарапынан жасалған құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталса, керісінше кейбір мектеп директорлары мектеп беделіне кір келтіруі мүмкін деген желеумен, орын алған құқық бұзушылықтарды жасыруға әрекеттенген.
Мысалы, Қызылорда қаласындағы мектептің мұғалімі 2 оқушыға қатысты азғындау әрекеттерін жасаған.
Алайда, мектеп директоры бұл оқиғаны білі тұра жасырып, мұғалімді 2014 жылдың 26 қыркүйегінде өз еркімен қызметінен босатқан. 
Орын алған алған оқиға жөнінде кәмелетке толмағандардың аналары тек 3 айдан кейін желтоқсан айында учаскелік полиция инспекторынан жауап алуға келгенде ғана біліп, құқық қорғау органдарына жүгінген.
Аталған факті бойынша мұғалімге қатысты ҚК-нің 124-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, бүгінгі таңда тергелуде.
Сондықтан, мектеп басшылары қылмыс жасауға, құқық бұзушылық немесе оқудан жалтаруға және қандай да бір теріс әрекеттер жасауға бейім оқушылармен профилактикалық жұмыстарды жүргізу үшін ішкі істер органдарына тиісті ақпараттарды міндетті түрде ұсынып, бірлесіп жұмыстарды жүргізу қажет.
Сәйкесінше білім бөлімі тарапынан мектеп директорларының бұл бағыттағы жұмысын бағалау критерийлерін өзгертіп, нақты өз бастамаларымен теріс қылықтарға бейімділікті анықтау түріндегі көрсеткішті тәжірибеге енгізу мәселесі қаралуы тиіс.
Сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлардың мектептердегі криминогендік және жалпы ахуалды білу мақсатында ата-аналар жиналыстарына оларды міндетті түрде қатыстыру арқылы тиісті байланысты орнату керек.  
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: