КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЫ Б.НҰРПЕЙСОВТЫҢ АТЫНА КӨШЕ БЕРІЛДІ
Қызылорда облысы әкімдігінің №258 Қаулысы және облыстық мәслихаттың №333 Шешімімен қала орталығындағы Сәулет - 22 көшесіне, Ұлы Отан соғысының және Кеңес Одағының батыры Біліс Нұрпейісовтың есімі берілді.
Ұлы Отан соғысы батырының атына көше беру және ескерткіш тақтаның ашылу шарасына Б.Нұрпейісовтың бауырлары, ағайын-туыстары, қала тұрғындары және қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы қатысты.
- Бұл шара, еліміздің ең қасиетті де қастерлі мерекелері 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр - Ұлы Жеңіс күні, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 25 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылуымен ерекшеленіп отыр.
Бүгін міне, киелі Сыр өңірінің даңқты перзенттерін құрмет етудің тағы бір шарасын өткізудеміз.
Қаламыздың көрікті ауданындағы көшелерінің бірін Ұлы Отан соғысының және Кеңес Одағының батыры, бар қажыр – қайратымен ерен ерлік көрсеткен Нұрпейсов Біліс атамыздың атымен атағалы тұрмыз.
Біліс Нұрпейісов бойындағы қайсарлығы мен батыр болмысының арқасында 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында, өмiр мен өлiм белдескен алапат айқаста ерен ерлік үлгісін көрсете білген батыр тұлға.
Қасиеттi мереке күнi бiз азаматтық арды ту етіп, өз өмiрлерiн құрбан еткен батыр бабаларымыздың алдында бас иемiз.
Салтанатты түрде ашылғалы тұрған жаңа көше, ынтымақты халқымыздың мерейін асқақтатар көрікті орындардың біріне айналсын, - деген қала әкімі Н.Нәлібаев, барлық қатысушыларды мерекелерімен құттықтады.
Сондай-ақ, шара барысында Б.Нұрпейсовтың інісі Жүсіпбай Нұрпейсов, Алексей Мылтықбаевтар батыр атамыздың өмір жолы мен ерлік жолы туралы сөз етті.