Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Абзал Ерәлиев Қызылордада мешіт ашты

Абзал Ерәлиев Қызылордада мешіт аштыҚаламыздағы Саламатов көшесінде бой көтерген сәні мен сәулеті жарасқан зәулім мешіттің ашылу салтанаты болып өтті.
Шаһардағы архитектуралық келбеті келіскен мешіттердің қатарына кіретін жаңа ғибадат үйіне «Мүсірәлі баба» есімі берілді. Мүсірәлі баба Тәуке хан тұсында бас хазірет болып, Алланың ақ жолын ұстанған сопы кісі болған деседі. Айтулы жиынға Қазақстанның Еңбек Ері, «Абзал және К» толық серіктестігінің директоры Абзал Ералиев, Мүсірәлі баба атындағы қордың басшысы Сәмит Далдабаев, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бас имамы Талғат Омаров және қала тұрғындары қатысты. Есігін айқара ашқан мешіт «Абзал және К» толық серіктестігінің демеушілігімен салынған. Оған бастама жасап, қолдау көрсеткен Еңбек ері А.Ералиевтің еңбегі бір төбе. Сыйымдылығы 400 адамға арналған жаңа мешіттің үлгісі Алматы қаласында жасалып, құрылыс жауапкершілігін бас мердігер «Абзал Проект Консалтинг» ЖШС алған. Имандылық үйі бірнеше бөліктен, яғни, үлкен зал, әйелдер бөлмесі, дәрісханалар және бас имам бөлмесінен тұрады. Өткен жылдың қыркүйек айында басталған жобаның жалпы құны 210 млн. теңгені құрайды. Бұған дейін Сыр өңірінде 152 мешіт жұмыс істеп келген еді. 
– Мұсылман қауымы үшін мешіттің алар орны бір бөлек. Қаламызда бұған дейін «Ақмешіт», «Мерей» шағын аудандарында құлшылық орны болған жоқ. Ал, мұндағы халық саны 25 мыңнан асады. Осы жағдайды ескере отырып, мешіт салу ісін бастауды ұйғардық. Нәтиже өздеріңіз көріп отырғандай, – деді Абзал Ералиев. Салтанатты ашылу рәсімде «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бас имамы Т.Омаров А.Ералиевке ҚМДБ төрағасы Ержан қажы Малғажыұлының алғысы ретінде қасиетті Құран кітабын сыйға тартты. Мешітке бас имам болып Берік Арын тағайындалды. Ол бұған дейін «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде ұстаздық қызмет атқарған. 
«Діни сенімі мықты елдің, іргесі де мықты» деген екен данышпан қазақ. Болашақ ұрпаққа имандылық тәрбиесін беретін қасиетті орын Жаратқанға құлшылық жолында жүрген иманды халқымыз үшін артықтық етпейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Алла үйін тұрғызған адам үшін жәннатта сарай салынатынын өсиет етіп, сүйіншілеген екен. Олай болса, имандылыққа бастайтын бұл ізгі жолдың сауабы мол болмақ. Мешіт – Тәңірімізге құлшылық жасап, дүниенің кірінен тазаратын, бар арман-мақсаттарымыздың орындалуын тілеп, дұға жасайтын киелі орын. 
Қазақстанның Еңбек ері бір жылдың ішінде екі имандылық үйінің ашылуына ұйтқы болды. Үстіміздегі жылдың тамызында Сырдария ауданындағы Н.Ілиясов ауылында мешіт өз жамағатына есігін айқара ашса, екіншісі осы – «Мүсірәлі баба» мешіті.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: