Қазалы ауданында Жетес би көшесіндегі белгінің ашылуына жиналған қауым қарасы көп болды. Барлығы да даңқты тұлғаның есімін ұлықтауда өзіндік үлес қосқанына сенімді.
Жетес би Қыстаубайұлы (1828-1914 ж.ж.) Арал ауданында дүниеге келген. Кіші жүз құрамындағы Әлімұлы тайпасы, шекті руының жақайым аталығынан шыққан. Ел арасындағы даулы мәселелерді шешуде тапқырлығымен, әділдігімен көзге түсіп, халық қамын ойлаған болыс ретінде де ел құрметіне бөленген. Жетес бидің Райым, Шыбынды болыстарын басқарғаны туралы да деректер бар. Оның билік кесімдері, шешендік сөздері ел арасына тарап, "тілді би” атанған.