«Жол жүрісі қауіпсіздігі апталығы» аясында 2015 жылдың 13 қарашасында Қызылорда ОІІД Әкімшілік полиция басқармасының ұйымдастыруымен «Біз өмірге сенеміз!» атты автомектеп курсанттары арасында байқау өткізілді.
Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабаралуынша, байқауға облыс орталығындағы 10 автомектептің курсанттары қатысып, өзара бақ сынасты. Сайыс 2 кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде сайыскерлердің жол қозғалыс ережелері бойынша теориялық білімі тексерілсе, екінші кезеңде практикалық білік-тәжірибесі сынға түсті. Қатысушылар Әкімшілік полиция басқармасы ғимаратының ауласында көліктеріне отырып, 5 жаттығудан тұратын тапсырмаларды орындады. Сайысқа Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері төрелік етті.
Байқау нәтижесі бойынша «Үздік көлік жүргізушісі», «Үздік автомектеп», «Жол қозғалысы ережесінің үздік білгірі» және «Автоледи» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталып, қатысушылар Алғыс хаттармен марапатталды, естелікке бағалы сыйлықтар табыс етілді.