Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінде айрықша кездесу өтті. Келелі кездесуді музей директоры Н.Шалапов ашып, жиналғандарды мерейлі мерекемен құттықтады.
Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай ұйымдастырылған жүздесудің басты қонағы – Әзия Қыстаубаева. Елбасы қабылдауында бірнеше мәрте болып, жүздесу бақыты бұйырған Сунақата ауылдық округінің әкімі Ә.Қыстаубаева өзіндік әсерімен бөлісті.
-Елбасымен жүздесуім –ең бір ұмытылмас да жарқын сәттердің бірі ретінде есімде қалды. Осындай көрегенді Көшбасшысы, парасатты Президенті бар Қазақ елі бақытты деп санаймын. Елдің тыныштығын алдыңғы қатарға қоятын Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың таңдаған бағытының дұрыстығын, ұстанған саясатының даралығын бүгінде әлем мойындап отыр-деп, парасатты пайымын жеткізді.
Кездесу қатысушылары №169 орта мектебінің 9-сынып оқушылары қонаққа сұрағын қойып, тұщымды жауабын алды. Шара соңында аудандық кітапхана бөлім меңгерушісі З.Аманова мен музей директоры Н.Шалапов Ә.Қыстаубаеваға естелік сый-сияпатын табыстады.