Қызылордада «Бірыңғай кезекшілік диспетчер қызметі» жобасы іске қосылды
Қызылорда облысында республикада бірінші болып «Бірыңғай кезекшілік диспетчер қызметі» жобасы іске қосылды. Енді барлық жедел қызметтер (101, 102, 103, 112) бірыңғай «112» нөмірімен жұмыс істеуде.
Аймақта экономиканың әр түрлі салаларына жоғары технологияларды жеделдетіп ендіру үшін цифрландыру бойынша 47 жоба жүзеге асырылып, тағы 11 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде.
«Алдымыза тұрған келесі міндет – барлық өмір тіршілік инфрақұрылымдарын онлайн-сервиспен қамтамасыз ету. Бейнекамералар мен GPS-құрылғыларымен қамтылған қалалық автобустарға электрондық билеттеу жүйесін сынақтық режимде қостық. Бұл жоба, біріншіден қалада ашылған автобус паркінің тиімділігін арттырып, өз- өзін ақтап, өз қаражаты есебінен автобустарды жаңалауға, жаңа маршруттар ашуға, автобус қатынастарын жиілендіруге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Әрине, біз бюджет қаражаты есебінен де қосымша автобустар сатып алуға қаржы бөлетін боламыз», - деді облыс әкімі Қ.Ысқақов.
Сондай-ақ, ағымдағы жылы Қызылорда қаласының жолдарына 20 зияткерлік жылдамдық өлшеуіштер орнату жоспарлануда. Салыстыру үшін – бүгінгі таңда әзірге 6 жылдамдық өлшеуіш бейнекамерасы жұмыс істеп тұр.
Сонымен бірге, шұғыл емес сипаттағы қаланың тіршілік ету тұстары бойынша тұрғындардың өтінімдерін өңдейтін «109-бірыңғай контакт-орталығы» іске қосылды. Бұл, абаттандыру, электр, су, жылумен қамтамасыз ету, ашық жатқан люктер мәселесі, қоғамдық көлік және тағы басқа көптеген мәселелерді қамтитын қызмет.
Бүгін, 2020 жылы 19 ақпанда, Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрында Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақовтың халық алдында есеп беру кездесуі өтті, жиында аймақ басшысы өткен жылды қорытындылап, алдағы жоспарлар туралы баяндады.