Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Қызылорда қаласында жаңашыл жобалар көп

Бас шаһардың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде өсімдер қалыптасып, мемлекеттік бағдарламалар мен инвестициялық жобалар сәтті іске асырылуда.


Жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қызылорда өңірінде жүзеге асқан маңызды жобаларға ерекше тоқталып, макроэкономикалық көрсеткіштердің оң серпінін атап өтті.
Бұл жетістіктер – ел Президентінің нақты тапсырмаларының, Үкіметтің жүйелі қолдауының, облыс басшысының ұтымды үйлестіруінің, ең бастысы, жерлестеріміздің ауызбіршілігі мен ортақ жауапкершілігінің айқын көрінісі.
Облыс экономикасының өрлеуін айғақтайтын негізгі көрсеткіштердің бірі – бюджет көлемі. 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша облыс бюджеті 790,4 млрд. теңгеге жетіп, небәрі екі жылда 2,5 есеге артты (2023 жылғы 1 шілдеде – 311,5 млрд. тг, 2022 ж 1 мамырына - 364,0 млрд. тг). Бұл – даму қарқынының нақты дәлелі.
Қызылорда қаласының бюджеті жыл басында  73,1 млрд теңге болып бекітілсе, жартыжылдық қорытындысымен 144,7 млрд теңгеге (198%) жетіп, екі есеге артты.
Оның ішінде, өз кірістеріміз 21,1 млрд. теңге (жоспар - 19 млрд. 60 млн. тг) немесе 110,6 пайызға артығымен орындалды.
Бұл, өз кезегінде салық базасын ұлғайтып, өз кірістерімізді арттыру бағытында жасалып жатқан жемісті жұмыс екені белгілі.
Қаржы көлемін ұлғайту мақсатында кәсіпкерлік және басқа да жылжымайтын мүлік нысандарына қайта бағалау жүргізіп, олардың құнын 10 есеге дейін арттыру, жер және мүліктердің нысаналық мақсаттарын кәсіпкерлікке ауыстыру шаралары секілді жұмыстар жүзеге асуда. 
Алдағы уақытта қала аумағында жоспарға сәйкес 800-ге жуық нысан қайта бағаланатын болады. Аймақ басшысының тегеурінді талабы мен тың бастамаларының нәтижесінде облыс көлемінде барлық салада өсім қалыптасты. 
Аймақтың негізгі капиталына 295,1 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім 121,5 пайызды құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 144,5 пайызға (112 млрд. тг) жоғарылады.
Өңдеу өнеркәсібі – 117,2 пайызға (188,2 млрд. тг.), тұрғын үй – 
106,0 пайызға (350,4 мың шаршы метр), ауыл шаруашылығы – 102,8 пайызға (31,5 млрд.тг.), сауда – 104,2 пайызға (246,5 млрд. тг.) артты. 
Бұл өсімдерде облыс орталығы – Қызылорда қаласының үлесі бар екенін атап өткен жөн.
Атап айтар болсам, 2025 жылғы 1 шілдеге қаламыздың негізгі капиталына салынған инвестиция 147,5 млрд. теңгені құрап, 129,3 пайызға артты (облыстағы үлесі – 50%). 
Құрылыс жұмыстарының көлемі 59,3 млрд. теңгеге жетіп, 158,2 пайызға өсті (облыстағы үлесі – 53%). Өңдеу өнеркәсібі – 103,7 пайызға (47,1 млрд. тг.), тұрғын үй – 104,9 пайызға (200,3 мың шаршы метр), ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өнім көлемі 2,5 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 104,3 пайыз болды. 
Бөлшек сауда көлемі 214,5 млрд. теңгені құрап, 104,4 пайызға көтерілді (облыстағы үлесі – 87%). 
Қызылорда қаласында кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту бағытында нақты нәтижелерге негізделген жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 
Мемлекеттік бағдарламалар мен қаржылық қолдаулар арқылы тұрғындардың іскерлік белсенділігі артып, кәсіпкерлік көкжиегі кеңеюде.
Атап айтқанда, жалпы құны 5,8 млрд. теңге болатын 
124 жоба субсидияланып, «Өңірлік инвестициялық орталық»   арқылы өнеркәсіп саласының 7 жобасы 293,5 млн. теңгеге қаржыландырылды. 
Бұл өз кезегінде қала кәсіпкерлерінің санын 35 мыңнан (2024 ж 1 шілдесіне-33799), ал жұмыспен қамтылғандар санын 63 мыңнан (2024 ж 1 шілдесіне-65247) асыруға ықпал етті.
Өткен жылдан бері қаламызда шағын өнеркәсіптік аймақтар құру үшін жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биыл сол жағалауда жалпы құны 1,05 млрд. теңгені құрайтын екі шағын өнеркәсіптік аймақ іске қосылуда. «Тұмар» ЖК мен «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС базасында азық-түлік, кондитерлік, сүт өнімдері өндірісі жолға қойылады.
«Қызылорда-нан» ЖШС 3,8 млрд. теңгеге кондитерлік және макарон өнімдерін өндіретін кешен салып жатыр. 
«Rem Plast Invest» (Рем Пласт Инвест) ЖШС жылына 
5,4 мың тонна қағаз өнімін шығаратын зауыттың құрылысын жүргізуде.
Өздеріңіз білетіндей, 7-8 шілде күндері Қызылорда қаласында алғаш рет «Қызылорда - Ұлттық Урбан Форумы 2025» халықаралық деңгейде өткізілді. Бұл – біздің қаламыз үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін маңызды оқиға.
Форум жұмысына біріккен ұлттар ұйымынының UN-Habitat (Ун-Хабитат) ұйымы, Қазақстандағы біріккен ұлттар тұрақты үйлестірушісі, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдар, еліміздің барлық өңірлерінің өкілдері, халықаралық және ұлттық сарапшылар қатысты. 
Мұндай ауқымды шараның Қызылордада өткізілуі – біздің қаламыздың урбанизация саласындағы әлеуетін, даму бағытын халықаралық деңгейде танытуға үлкен мүмкіндік.
Форум аясында экологиялық тепе-теңдік, қалаларды ақылды басқару, инклюзивті әрі климатқа төзімді инфрақұрылым қалыптастыру, тұрғындардың өмір сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Бұл – жай ғана пікір алмасу алаңы емес, нақты шешімдерге бастайтын стратегиялық платформа.
Осы орайда облыс әкімі мен Экология және табиғи ресурстар министрі, Парламент Мәжілісінің депутаттарының қатысуымен құны 34,5 млрд. теңге болатын, Оңтүстік Корея технологиясына негізделген қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және өңдеу зауытының құрылысы басталды.
(І кезең-9,5 млрд. тг қолданыстағы полигон жаңғыртылып, жылдық қуаттылығы 300 мың тонна болатын сұрыптау кешені салынады. Полигонның қабылдау қуаты 60 мыңнан 300 мың тоннаға дейін ұлғайтылады.ІІ кезең-25,0 млрд.тг)
Сондай-ақ, 5 млрд. теңгеге салынған «Қызылорда Саз-М» кірпіш зауыты іске қосылып, алғашқы өнімін шығарды. Зауыт жылына 90 млн. кірпіш өндіреді, 70 адам жұмыспен қамтылды.
Ірі жобалар қатарында – «Seven Rivers Bottlers» ЖШС-нің 30,4 млрд. теңгеге шыны ыдыс шығаратын зауыты (жылына 240 млн дана). Тағы бір маңызды жоба – испаниялық 
Roca Group компаниясымен бірлескен санитарлық-техникалық жабдықтар шығаратын зауыт. Инвестиция көлемі – 70 млн. еуро, 300 жаңа жұмыс орны ашылады.
Бұл бастамалар – экологияны жақсарту, өндірістік қалдықтарды тиімді басқару және жасыл экономиканы қалыптастыру жолындағы нақты әрі нәтижелі қадам. 
Маңызды жобалардың қатарында мамыр айында Үкімет қаулысымен облыс орталығында көлемі 550 гектар болатын (авиацияға қызмет көрсету – 50 гектар, көтерме-бөлшек сауда және қоймалау – 100 гектар, өнеркәсіптік аймақ – 400 гектар) жаңа арнайы «Қорқыт ата» экономикалық аймағы пайда болды.
2049 жылға дейін бұл аймаққа тартылатын инвестиция көлемі 156 млрд. теңгеге, оның ішінде шетелдік капитал 
88 млрд. теңгеге дейін жетеді. Өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің көлемі 527,1 млрд. теңге болады деп күтілуде. 
Жаңа жұмыс орындары – 3 366, қатысушы компаниялар саны – 39.
Экономикалық аймақ аумағында арнайы құқықтық режим әрекет етеді, бұл салықтық және кедендік жеңілдіктерді қамтиды. Инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасап, өңірдің экономикалық дамуына серпін береді.
Ауыл шаруашылығы саласында да өсімді еселеу жоспарланып отыр. Биылғы жылы барлығы 8 695 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде негізгі дақыл - күріш 3 454 гектар (2024 ж - 3856). Көктемгі дала жұмыстарына 154 дана ауылшаруашылығы техникасы жұмылдырылды. Мемлекет тарапынан 269,5 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. 3278 тонна (100%) тыңайтқыш және 3025 литр (100 %) гербицид сатып алынды.
Бұл салада да ірі жобалар іске асуда.
Жұмыссыздық деңгейін төмендету - мемлекеттің басты міндеттерінің бірі.
Ағымдағы жылы 4 652 жаңа жұмыс орны құрылды.  Жаңа бизнес – идеяларды іске асыру бойынша 233 адамға мемлекеттік гранттар берілді. 
Жыл басынан бері 7 рет «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өткізіліп, 1589 бос жұмыс орны ұсынылды. (Жұмыссыздық деңгейі:қала-4,5 пайыз, облыс-4,8 пайыз).
Әлеуметтің ең әлеуетті әрі өзекті мәселесі – баспана!
Жыл басынан бері пәтер кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына 120 баспана табысталды (Жаппасбай батыр көшесі 60 пәтерлік тұрғын үй, Сырдария өзені сол жағалау 60 пәтерлік тұрғын үй). 
Биыл бюджеттен тұрғын үй құрылысы мен жеке салушылардан дайын пәтер сатып алу жалғасады.
2025 жылы Сырдария өзенінің сол жағалауында бес қабатты 10 тұрғын үйдің құрылысына (400 пәтер) облыстық және қалалық бюджеттерден 2 млрд. 886,4 млн. теңге бөлінді.
Қазіргі есеп бойынша қаламызда 75 тұрғын үй 
(66 көппәтерлі, 9 жеке жер үй) апаттық деп танылған. Аталған санат бойынша тұрғын үй алу кезегінде 617 отбасы тіркеуде тұр. 
Жыл басынан тұрғын үйлері апатты деп танылған  отбасыларға 135 пәтер табысталды. Алдағы уақытта да коммуналдық тұрғын үй қорынан бұл санатқа тұрғын үй салу (ОБ-596,1 млн. тг 135 пәтерге бөлінді. Жалпы құны 1 млрд. 879 млн. тг) жалғасатын болады. 
Осылайша апатты үйлер мәселесін кезең-кезеңімен шешетін боламыз. 
2025 жылы «Сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту» бағдарламасы аясында құны 9 млрд. 027 млн. теңгені құрайтын 15 жоба жүзеге асырылуда. 
Көгілдір отын тарату мақсатында 3,1 млрд. теңгеге Сабалақ саяжайын, 331,8 млн. теңгеге қалада көгілдір отын желісі жүргізілмей қалып қойған шағын аудандарды (ақ дақтарды) газдандыру іске асуда. 
Сонымен қатар, Қызылөзек (3 елді мекенінде) және Қызылжарма (Қызылжарма - 1, 2 аудандарында) ауылдық округтерінің елдімекендерінде газ құбырын тарту жұмыстарының жоба-сметалық құжаттамаларын, сараптама қорытындысымен әзірлеуге 43,1 млн. теңге қаралды.
Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту – бұл тек қатынасты жақсарту ғана емес, сонымен қатар қаланың экономикалық қарқынын, әлеуметтік келбетін, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды тетігі. Қызылорда қаласында бұл бағытта жүйелі әрі ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.
2025 жылы көлік инфрақұрылымын дамытуға 
23,2 млрд. теңге бөлініп, ұзындығы 61,9 шақырымды құрайтын 
64 жоба жүзеге асуда. 
Облыс орталығының негізгі көшесінің бірі «Тәуелсіздікке 25 жыл» даңғылын жаңғырту жалпы екі кезеңнен тұрады. 
Қазір бірінші кезеңі толық аяқталды. Екінші кезеңі Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейін Сырдария өзенінің қорғаныш бөгетін бекітумен қатар құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жаңа жол түскенде көлік ағынын реттеуге мол мүмкіндік тумақ. Шет аймақтардағы 17 көшеде күрделі жөндеу жүргізілуде (2,5 млрд. тг). Аспалы көпір (1,4 млрд. тг) аталып кеткен Шиелі бағытындағы автомобиль көпіріне қайта жаңғырту қарқынды жүруде.
Қала мен Тасбөгет кентін байланыстыратын Қызылжарма каналының үстінен өтетін автожол көпірі пайдалануға берілді (428 млн. тг). Қызылөзек ауылдық округіндегі «Қожақ каналы» арқылы өтетін көпір жөнделуде (292,3 млн. тг).
Сондай-ақ, Жанқожа батыр көшесі бойымен өтетін темір жол асты өткелінің құрылысы жүзеге асырылуда 
(жалпы құны – 4,7 млрд. тг, бөлінген і-1,7 млрд. тг).
Облыс орталығында бүгінде 81 мыңнан астам көлік тіркеліп, соңғы 3 жылдың өзінде 6 мыңға көбейген (2022ж-75 мың көлік). Осыған орай, жол желісін кеңейту, қауіпсіздік пен өткізу қабілетін арттыру – стратегиялық басымдық болып саналады.
Келесі жобалардың қатарында жаяу жүргіншілер жолы мен жарықтандыру да бар. Биылғы жылы қала аумағында 
24,8 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынып, 42 көше жарықтандырылады (1,1 млрд.тг). 
Қаладағы көпқабатты 18 тұрғын үйдің аулаларын абаттандыруға және ойын алаңдарын салуға қалалық бюджеттен 1,3 млрд. теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде, 19 шағын футбол алаңы, 25 жаттығу алаңы, 21 балалар ойын алаңы, 15 аулаішілік шаруашылық алаңы мен 13 демалыс орны қарастырылған. 
Бұған дейін алынған заманауи үлгідегі 300 жаңа автобус, бекітілген 32 бағыт бойынша тұрғындарымызға сапалы қызмет көрсетуде.
«Hunter» технологиясына негізделген автоматты суару жүйесі енгізілді. Оған 45 шақырымнан астам құбыр тартылып, 5 мыңнан астам спринклер мен ротор орнатылды, 25 дана ұңғыма мен насос станциялары салынды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Сырдарияның сол жағалауынан 900 және Ақмаржан ықшам (КБИ) ауданынан 300 орындық екі мектеп пайдалануға берілді. 

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: