Республика көлемінде өтіп жатқан «Қару» жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде табиғат байлығына залал келтірген азаматтарды ұстады. Бұл жайында Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметі хабарлады.
Қызылорда ОІІД-нің табиғатты қорғау полиция бөлімінің қызметкерлері, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының және РМҚК ӨБ «Охотзоопром» кәсіпорынның қызметкерлерімен бірлесіп рейдтік іс-шара жүргізген еді. Осы шара барысында Сырдария ауданы, Құмкөл кенішінен батысқа қарай шамамен 20 шақырым жерде «Ақши» учаскесінде «Тойота ланд крузер-100» маркалы автокөлігін тоқтатылды. Оны тексеру кезінде автокөліктің ішінен 5 дана ақбөкен жануарларының денесі, 8 дана мүйіздері, 1 ақбөкеннің басы, Ішкі істер органдарында тіркелмеген 12 калибрлі аңшы мылтығы, 100-ге жуық атылмаған патрондар, ара және пышақ анықталып айғақ заттар ретінде тәркіленді.
Тексеру барысында автокөліктің ішіндегі азаматтар 1968 жылы туылған және 1972 жылы туылған Қызылорда қаласы Қараөзек ауылының тұрғындары болып шықты. Қазіргі таңда, аталған оқиға бойынша Сырдария АІІб-мен ҚР ҚК-нің 339-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.