Қызылорда облысының Қармақшы және Жалағаш аудандарында Тәуелсіздік күніне орай 2 мектеп ашылды.
Қармақшы ауданы Ақай ауылында осыған дейін бір мектеп қана болған. Халық өсуіне байланысты өткен жылы 600 орындық мектеп құрылысы басталған. Тәуелсіздік күнінде жаңа білім ошағы пайдалануға берілді. Салтанатты шара барысында үздік оқушылар «Жас ұлан» ұйымының қатарына қабылданды.
Дәл осындай жаңа 300 орындық мектеп Жалағаш ауданының орталығында ашылды. Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп облыстағы алдыңғы қатарлы білім ошағы. Дегенмен, мектеп ғимараты әбден ескірген болатын. Білімге құштар шәкірттер Тәуелсіздік мерекесінен бастап жаңа ғимаратта білім алатын болады.
– Маңдайы күнге, табаны құмға күйіп өскен жеткіншіктеріміз заман талабына сай білім алулары керек. Айта кетейін, 2013 жылы облыста 36 апатты мектеп бар болса, 2 жылда соның 23-ін жаңадан салып шықтық. Тағы екі мектептің құрылысы 2016 жылы аяқталады. Енді құрылыс талап ететін 11 мектеп қалып тұр. Бұл мәселені біз мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы шешеміз. 2016 жылы осы 11 мектептің құрылысын бастайтын боламыз. Осындай зәулім сарайдай мектепте білім алып жатқандарыңыз Тәуелсіздіктің арқасы, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Жалпы Қызылорда облысында биыл 19 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жыл басынан бері 15 білім ошағы пайдалануға берілді. Біреуі жыл соңына дейін берілсе, қалған мектептердің құрылысы келер жылы аяқталады.