ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
2016-ші жылдың бірінші қаңтарынан бастап еліміздің барлық өңірлерінде жергілікті полиция қызметі өз жұмысына кіріседі, деп хабарлайды "Қазақстан-Қызылорда" телеарнасы. Облыстық мәслихаттың кезектен тыс 43-ші сессиясында құрылым басшысының кандидатурасына келісім беру мәселесі қаралды.
Айта кеткен жөн, жергілікті полиция қызметі ішкі істер органдарының біртұтас жүйесіне кіреді және қызметкерлері бірыңғай құқықтық мәртебеге ие болмақ. Құрылым басшысы жылына екі мәрте атқарушы және өкілді органдар, бір рет тұрғындар алдында есеп береді. Бұл әкімдіктер мен жергілікті полиция қызметінің өзара бірлесіп қызмет атқаруын ширата түспек. Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ғазымбек Алпысбаев депутаттар корпусына Қалижан Қобландиннің кандидатурасын таныстырды. Үміткерді Ішкі істер министрлігі ұсынып отыр. Тараз мемлекеттік университетін және Ресей ішкі істер министрлігі басқару академиясын бітірген жас маманның кәсіби біліктілігі жоғары, тәжірибесі мол. Ішкі істер құрылымдарында лауазымды қызметтер атқарған кадрдың жергілікті полиция қызметін жүйелі ұйымдастырып, білікті басқаратынына сенім мол. Сессия отырысында мәслихат депутаттары кандидатураға келісім беріп, облыс әкімі Қалижан Қобландинді жаңа қызметке тағайындады.