Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

ЖЕТІ БАЛАЛЫ 27 ЖАСТАҒЫ АНА

ЖЕТІ БАЛАЛЫ 27 ЖАСТАҒЫ АНА
Тасбөгет кентінде тұратын Көздібаевтар әулеті үшін өткен қой жылы той жылы болғандай. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында бұл отбасы тағы да бір жанға толықты. Жасы әлі отызға жетпеген Динара жақында Аяжан есімді жетінші нәрестесін құшағына алды.
Көп балалы жас анамен кездесудің сәті түсті. Осы орайда Динара келін боп түскен қара шаңыраққа арнайы бас сұққан болатынбыз. Мен барғанда бір-біріне тете шүпірлеген 3-4 бала есік алдында ойнап жүр екен. Үйге кіргеннен мені бидай өңді, ажарлы келіншек күліп қарсы алды. Расында, 27 жасында 7 бөбекті аман-есен өмірге әкелу ерлікпен пара-пар дүние емес пе? Қазіргі таңда мұндай ерлікке кез келген әйел бара бермейді. Көп нәрседен қорқады. Экологияның нашарлығы, тұрмыстық қиындықтар сынды сан түрлі сылтауды алға тартып, бір-екі баламен ғана шектеліп қалған отбасылардың  көп екені өтірік емес. Мемлекет тарапынан көп балалы анаға қолдау көрсетіліп келеді. Әзірше қазақ келіндері бұл жағынан осалдық танытып жүрген жайы бар. Дегенмен, Динара сынды жас ананың ел демографиясын көтеруге қосып жүрген үлесін жоққа шығаруға әсте болмас. Мұнда болған бар-жоғы бір сағатқа жетер-жетпес уақытта «Балалы үй базар» деген қанатты сөздің құндылығын тағы бір мәрте ұғына түскендей болдым. Балалардың риясыз күлкісі, тәтті тілі, тіпті үйді азан-қазан етіп жылаған дауыстары шаңырақтың шаттығын арттырып, отбасының берекесін еселендіре түсетіндей.  
Байқағаным, Динара ашық, жарқын, жайлы мінез келіншек екен. Содан болар, екеуміз ескі таныстарша жатырқамай бірден әңгімелесе кеттік. Үлкен өмірге 17 жасында қадам басқан Динара бүгінде Әбдінұр, Жансезім, Рүстем, Жаннұр, Дамир, Аружан, Аяжан есімді тәп-тәтті балақайлардың анасы.
– Жолдасым Ринат екеуміздің отау құрғанымызға биыл 10 жыл толады. Ата-енемізбен бірге 11 жан бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келеміз. Балаларымның санын айтып ешқашан көпсінген емеспін. Лайым, Құдайым көп көрмесін, – деп бастады әңгімесін ол.
Бір қызығы, Динараның үлкен енесі дүниеден озар алдында босағадан жаңа аттаған жас келініне ырым етіп, өзінің күміс алқасын сыйға тартыпты. Өмірінде 9 құрсақ көтеріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған кейуана жолымды берсін деп осылай бата беріп кеткен көрінеді. Келінінің де сол ізді үзбей жалғап келе жатқанын өзінің енесі Кабира ризашылықпен айтты.
– «Құдайдың бермегенін тартып ала алмайсың» деген. Мен бір бала ғана сүйген жанмын. Есесіне, Құдайға шүкір, жалғыз баламнан тараған немерелерімнің қызығына тоймай келемін. Үлкен енем сырқаттанып, фәни дүниеден өтер алдында немересі Ринатты үйлендіріп, келініне өз қолымен күміс алқасын бергені бар еді. Динара әжесінің сол үмітін ақтады, – деді Кабира апа.
Ал, мемлекеттің беретін күміс алқасына Динара осы қаңтар айында қол жеткізбекші. Әлеуметтік жәрдемақыны да уақытында алып тұрады. Сондай-ақ, мектеп жасындағы Әбдінұр ыстық тамақпен де қамтылған. Осылайша жас ана мемлекет қолдауын тиісінше сезініп келеді. Асып-тасқан тұрмыс болмаса да, несібесі ортаймаған қарапайым отбасы бақыттың кілтін балаларында деп біледі. Бұл отбасының асыраушысы Ринат электрик болып жұмыс жасайды. Біз барғанда отағасы жұмыс қамымен үйде болмай шықты. Ал, балалардың тәрбиесімен тікелей үйдің ақылшысы Кабира апа айналысады. Олардың тамағы, кір-қоңы, сабағы Динара екеуінің мойнындағы жауапкершілік. Үлкен отбасының күнделікті тіршілігі үйдің бітпейтін шаруасымен өтеді. Олар үшін бұл қауырт тірлік сүйікті істеріне айналған. Себебі, «Бала тілі – бал» демекші әрбір бөбектің қылығына тоймай өмір сүрудің бақытын бұл отбасы ерекше сезінген.  Бұл шаңырақтың мүшелері сондай жарқын, көпшіл жандар екенін байқадым. Бір тәнті болғаным, ене мен келін арасындағы тату-тәтті қарым-қатынас үйге келген адамға жылылық беріп, баурап тұратындай. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» деп болашақта ұрпақтарының аман-сау ер жетіп, шаңырақтың отын өшірмей әулеттің абыройын арттыруын ана жүрек шын көңілімен тілейтінін аңғартты.
Сөз соңындағы «Бала санын онға жеткізетін ойыңыз бар ма?» деген сауалымызға жас ана: «Алла берсе, неге жеткізбеске» деп күліп жауап берді. Лайым, осылай баланы ана махаббатынан айырмасын деп тіледім. 
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: