Мемлекеттік қолдау аясында жеке кәсіпкерлер екінші деңгейлі банктен несие алу үшін қажетті кепілдіктің жетіспеушілік мәселесін "Даму” қорының кепілдендіру құралы арқылы шешті.
Осыдан бір жыл бұрын Қазалы ауданының тұрғыны, зейнеткер К.Аманов мемлекеттік қолдау аясында құрылыс материалдарын шығаратын шағын зауыт ашты. Өзінің кәсіпкерлік қызметін кеңейту мақсатында "Даму” қорының 50 пайыз кепілдендіруімен "Банк Центр Кредит” АҚ-дан несие рәсімдеген. Банк қаражат газбетон блоктарын өндіруге арналған жаңа құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсалды. Қазіргі таңда шағын цехтың өндірістік қуаттылығы жылына 250 мың дана газбетон шығаруға жеткілікті.
Кәсіпкер К.Аманов: "Біздің компания Қазалы ауданында алғаш болып газбетон өндірісін қолға алды. Осы уақытқа дейін мұны тек ірі кәсіпорындар атқарса, қазіргі кезде жаңа замандық шағын зауыттар сатып алып, кішігірім өндіріс орнын ашуға болады. Мен осы мүмкіндікті жіберіп алмай, қажетті барлық құрал-жабдықтарды несиеге алып, бүгінде құрылыс компаниялары мен аудан тұрғындары арасында үлкен сұранысқа ие, әрі мықты, әрі үнемді газбетон материалын шығаруды жолға қойдым”, - дейді. Айта кетейік, жеке кәсіпкер бизнеспен айналысуды зейнетке шыққан соң қолға алған. Қырықжылдық тәжірибесі бар инженер өзінің білімін құрылыс бұйымдарын шығару өндірісіне жұмсап, кәсіпкерлікті өрістетіп келеді.
"Бизнестің жол картасы-2020” бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында К.Аманов несие алып, бір жылдың ішінде өз жоспарын сәтті жүзеге асырды. Жаңа өндірісте 7 жұмыс орны ашылып, оған жергілікті тұрғындар тартылды.