Қызылорда қаласында «Ажар Сити» сауда орталығы ашылды. Қала әкімі Н. Нәлібаев жаңадан ашылған сауда орталығының жұмысымен танысты.
Қызылорда қаласында азық-түлік және азық-түлік емес тауарларына баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында, жаңадан ірі сауда орындарын ашу үшін жергілікті және сырттан инвесторлар тарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Кәсіпкер С. Романов қаламыздағы Шымбай көшесінің бойынан ескі ғимаратты сатып алып, өз қаражаты есебінен 200 млн. теңгеге сауда орталығына лайықты етіп күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген. Жалпы алғанда 3 мың 430 шаршы метр аумақты алып жатқан «Ажар Сити» сауда орталығы қала тұрғындарына 27 мың тауар түрлерін ұсына алады. Ең маңыздысы қаладағы басқа сауда үйлері мен базарлармен салыстырғанда бағасы 7 пайыздан - 17 пайызға дейін төмен. Тұрғындарға сауда жасауға ынғайлы барлық жағдайлар мен 50 автокөлікке арналған автотұрақ қарастырылған. Мұнан бөлек, сауда орталығының жанынан кондитерлік және нан шығаратын цехтар салынуда.
Бүгінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруды басты мақсат тұтқан, заманауи талаптарға сай келетін бұл сауда орталығы 57 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жоба толығымен іске қосылғанда барлығы 69 адам жұмыспен қамтылатын болады. Бүгінгі таңға, инвесторлар тарту арқылы осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру мақсатында Алматы қаласындағы «Скиф Трейд», Ақтөбе қаласындағы «Дина», «Анвар» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен келіссөздер жүргізілуде.