Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

БАПТАЙ БІЛСЕҢ, ЖЕР ЖОМАРТ ЕКЕНІН ҰМЫТПАЙЫҚ

БАПТАЙ БІЛСЕҢ, ЖЕР ЖОМАРТ ЕКЕНІН ҰМЫТПАЙЫҚ

 

Атам заманнан қазақ халқы жерді қастер тұтып келеді. Табыстан тау тұрғызған тұғырлы тұлғамыз – атақты күрішші Ыбырай Жаақев атамыз жерге еңкейгеннің еңсесі биік болатынын тәмам жұртқа үйретті. Біздің Сыр топырағында талай адам Еңбек ері атағына қол жеткізіп, бел шеше кіріскен бейнеттен береке табуға болатынын дәлелдей түсті. Ендеше, жер қашанда адамзат баласының баға жетпес байлығы екенін қайта айтып жатудың өзі артық. 
Бізде «Баптай білсең, жер жомарт» деген тәмсіл жиі айтылады. Расында, жерді игере отырып, оның құнарлығын арттырып, мол өнімге негіз қалауға әбден болады. Бұл орайда алыс-жақындағы жұрттың күнделікті тыныс-тіршілігінен тани білуге барлық мүмкіндік бар. Бүгінгідей нарық заманында құнды дүниені құнттауға құлық танытқанымыз жөн емес пе? Сонда ғана ешкімнің еккен егініне иек артып, құр босқа қол қусырып отыра бермес едік. 
Жерді игеру бар, оны күтіп-баптай білуіміз қажет. Оның құнарын арттыруға мән бергеніміз абзал. Елімізде қабылданған түрлі бағдарламаларды тиімді пайдалана білген жөн. Нарық заманының басты талабы – бәсекеге қабілетті болудың жолын іздейді.  
Ашығын айтқанда, жер – әрбір адам үшін құнды қазына екені айдан анық. Одан біздің еліміздің азаматтары да шет қала алмайды. Жалпы, бұл мәселе біздер үшін өзектілігін ешқашан жоямайды. Сондықтан, қазақстандықтар үшін жер өзекті тақырып деуге негіз бар. Бүгінгі таңда оны жалға беру немесе сату мәселесі басты мәселе емес. Жер – бұл Ана. Ана ешқашан сатылмайды және ешкімге жалға берілмейді. 
Тағы да еске сала кеткеніміздің артықтығы болмас, күнделікті өмірден көріп отырғанымыздай, ел өнімді көбірек өндірген сайын байи түседі. Байлықтың қайнар көзін өндірістен іздеудің  қажеттілігі туындауда. Қазақстан ауқымды ауылшаруашылық ресурстарын ие.  Біздің еліміздің жер қоры 272,5 млн. гектарды құрайды. Бұл – біздің баға жетпес ұлттық байлығымыз. Өкінішке орай, күні бүгінге дейін осы ұлттық байлығымызды тиімді пайдалана алмай отырмыз. Жылдар бойы жерлеріміз өңделмей, арамшөптер басып, деградацияға ұшырауда. Еңбек ету және жерді өңдеу арқылы жер еліміздің шын мәніндегі  байлығы мен  дәулетіне айналады. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін жерімізде алдыңғы қатарлы әлемдік технологиялармен жабдықталған өзіміздің үлкен-үлкен шаруашылықтарымызды өркендетуге барлық жағдайлар жасаймыз
Елдің арасында «Заңдамалық нормаларды ендіру кезінде қазақстандықтар бұрын жалға алған жерлерінен айырылып қалмайды ма?» деген сауал қойған азаматтар кездеседі. Бұл орайда мамандар оған ешбір алаңдаудың негізі жоқ екенін алға тартып отыр.  Облыстық жер қатынастары басқармасы мамандарының айтуынша, қабылдаған заңнамада бұрын жерді жалға алып пайдаланушылардың  құқығы бұзылмайды. Жалға алған жерлерін дәл қазір сатып ал деп ешкім күштемейді. Жалға алу мерзімінің аяқталуына дейін еркін пайдалана алады. Сонымен бірге, жер пайдаланушының бұрын жалға алған жер телімін жеке меншігіне 50% жеңілдікпен сатып алу құқығын береді. Бұдан басқа, аталған сомманы 10 жылға ұзартылған мерзіммен рәсімдеп, төлеуге болады. Бұл талаптар 2015 жылдың 2 қарашасындағы ҚР Заңына сәйкес «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  Жер кодексінің 171-бабында көрсетілген.
Қазақ халқы ежелден сабырдың түбі сары алтын екенін жақсы біледі. Осы қасиетінің арқасында сан алуан қиындықты артта қалдырды. Егемендікке қол жеткізген соңғы 25 жылдан бері жеріміздің шекарасын шегендеп, көршілес елдермен бұл мәселеге байланысты ортақ шешімге келдік. Бұл тұрғыда Елбасымыздың ерен еңбегін айрықша атап кеткеніміз артық емес. Бұрын осы жерді ата-бабаларымыз кірпік қақпастан күзетіп, соның жолында түн ұйқысын төрт бөлгенін тарихтан жақсы білеміз. Енді сол кең байтақ өлкеміздің заңды мұрагері – өзіміз. Алдағы уақытта сол жерімізді игеріп, жасанта түсу басты міндетіміз. Түрлі заңдылықтарға сәйкес жерді жалға бере отырып, одан да қыруар кіріс кіргізуге болады. Бұған үрке қарауға ешбір негіз жоқ. Бұл мәселе заң тұрғысында айқын көрсетілген. Осыған байланысты барлығын таразыға тарта отырып, ой талқысына салғанымыз орынды.

Әділжан ҮМБЕТ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. 

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: