Арал ауданы Жаңақұрылыс ауылында тұратын жас Еркемай Жақыпова аудандық кәсіпкерлік палатасында «Бастау-Бизнес» бағдарламасы аясында кәсіпкерлікті жүргізу негіздері бойынша оқу курсында оқып, өзінің бизнес жоспарын жасап ұсынған.
Нәтижесінде, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа бизнес жобаларды іске асыру бойынша мемлекеттік грантқа қол жеткізді.
– Халқымыз «Ізденген жетер мұратқа» деп бекер айтпаған ғой. Қазір түрлі жаңалықтардан тез-ақ хабардар болатын заман. Соның арқасында елімізде «Еңбек» бағдарламасына қатысып, тұрақты жұмысын тауып, бала-шағасын асырап отырған азаматтардың өте көп екендігін білдім. Алғашқы талабымды шағын кәсіптен бастап, инкубатор арқылы балапан өсіруді қолға алдым. Осы мақсатта Шиелі ауданынан ет бағытындағы тауық түрін сатып алдым. Одан соң инкубатор алдым. Негізі, құс өсіру шаруашылығымен айналысу көп қаржыны қажет етпейді. Бірақ бұл кәсіптің түрі өте шыдамдылықты талап етеді. Балапан өнбей қалу сияқты кедергілер тап келсе, қолды бір сілтеп, тастап кетуге болмайды. Сол үшін өзге өңірлердегі құс шаруашылығымен айналысып жүрген адамдармен байланыс орнатып, тәжірибе жинақтай бастадым. Негізгі мақсатым – тауықты ет бағытында өсіру, – деген Еркемай алдағы уақытта ірі қара малын өсіруді жоспарлап отырғанын айтты.
Еңбекқор жас: «Ауыл әкімдері мен мамандар жұмыссыз отырған адамдарға халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған түрлі бағдарламалардың бар екендігін, кәсіп ашамын деген азаматтарға мемлекеттік қазынадан арнайы грант бөлінетіндігін, қысқа мерзімді курста оқу арқылы грант немесе шағын несие алуға қол жеткізуге болатындығын насихаттап отырса деген пікірім бар. Сонда қаншама жан қолдан келер кәсіп түрімен айналысып, отбасының берекесін кіргізер еді» деген пікірін де айтты.