Аралдағы «RANNAR» ЖШС ұн тарту комбинаты жұртшылыққа сапалы өнімдерін ұсынып келеді.
Қостанайдан шақырылған білікті мамандар жергілікті тұрғындарға білгендерін үйретті. Мол өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Ал өткен жылдың алғашқы жартыжылдығында кәсіпорында жөндеу жұмыстары атқарылды. Нәтижесі ойдағыдай. Соның арқасында тәулігіне 140 тонна бидай тартылып, одан 105 тонна ұн, 35 тонна жем өндірілетін дәрежеге жетті. Өнім ырғағы қалыпты болуы үшін кәсіпорынның алдына облыстағы наубайханалармен ауызбіршілікте жұмыс жасау міндеті қойылды.
«Зауытта бүгінгі күннің өзінде 500 тонна ұн шығарылып, облыс орталығына жөнелтілді. Кәсіпорын басшылары облыс көлемін өңірлік өніммен қамтамасыз ету мақсатында тұтынушылармен айына 3 мың тонна ұн, 1500 тонна жем жеткізу жөнінде келісімге келді. Ақтөбе облысының диқандарымен жасалған қадам негізінде «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» көлік дәлізі арқылы шикізат таситын сатыға жеттік. Осылайша еліміздің тек солтүстік өңірлерінде ғана кездесетін мұндай өндірісті аралдық кәсіпкерлер де жүзеге асыруда» - дейді бізбен тілдескендер.
Арал қаласындағы индустриалдық аймақтан жер бөлініп, осындай жұмыстарды әрі қарай дамыту мақсатында «Аралым» аталатын агрокешен салу жобасы қолға алынуда. Бұл жоспар жүзеге асқан жағдайда зауыттан шыққан ұн, макарон өнімдері Сыр өңірін толық қамтамасыз етіп, өнімнің 60 пайызын экспорттауға мүмкіндік туындайтын болады.