Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жұмыс сапарымен Қазалы ауданында болды. Онда бірқатар әлеуметтік нысандардың ашылуына қатысып, жергілікті тұрғындармен жүздесті.
Балық өңдеу цехы ашылды
Қызылорда облысында жылдық қуаттылығы 11 мың тоннадан асатын 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Оның төртеуі балықты қатыру, мұздату және ыстату секілді жеңіл өңдеу түрімен айналысады. Қазалы ауданындағы сондай шағын цехтың бірі жеке кәсіпкер «Игіліков» филе дайындау жобасын жүзеге асырды.Яғни, шаруасын ірілендіріп отыр. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев Қазалы ауданына жұмыс сапары барысында цех жұмысымен танысты.
Жалпы, «Т.Игіліков» шаруа қожалығы 2011 жылдан бастап Арал теңізінен балықтың 10 түрін аулап келеді. Осы күнге дейін балық өнімдерін қатырып, мұздатылған күйде саудалауда. Цех ғимаратын кеңейтіп, құрал-жабдықтар алғаннан кейін балықты өңдей бастады.
Зауытта тәулігіне 5 тонна балық сүбесі өндіріледі. Қазір мұнда 40 адам жұмыс жасауда. Дайын өнімді экспорттау мақсатында еврокод алу бағытында жұмыстар жүргізілуде. – Облыста 3 жылда балық аулау мен өңдеу 47 пайызға артты. Бұл Кіші Арал жобасының жүзеге асуының нәтижесі. Қазір Арал мен Қазалы аудандарында балық өңдейтін зауыттар қатары артып келеді. Яғни, су маржандарын экспортқа өңдеп шығаруға мүмкіндік алып отырмыз, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Өткен жылы облыста 7761 тонна су маржаны ауланып, 3461 тонна балық өңделді. Жыл басынан бері құны 1,5 млн. АҚШ доллары болатын 382 тонна балық өнімдері Польша, Дания, Грузия, Әзірбайджан мемлекеттеріне экспортталды.
Айта кетейік, шілде айында республикалық деңгейде Арал өңірі балықшыларының екінші слеті өтеді. Слетке 1500 жуық адам қатысады деп жоспарлануда.
Қаһармандарға арналған «Даңқ» аллеясы
Қазалы ауданында Ұлы Жеңістің 71 жылдығына орай «Даңқ» алаңы ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтады.
- Ұлы Отан соғысында елі мен жері үшін жан кешкен киелі Қазалы ауданынан шыққан Кеңес Одағының батырларына және Социалистік Еңбек Ері мен мемлекет және қоғам қайраткерінің құрметіне ескерткіш бюст орнатылып отыр. Сұрапыл соғыста ел болашағы үшін қан кешіп, өз өмірлерін құрбан еткен қаһармандарды құрметтеу біздің қасиетті, абыройлы борышымыз, - деді аймақ басшысы.
«Даңқ» алаңы «Жеңіс» саябағында орналасқан. Саябақ ішінде Отан үшін от кешкен батырларға арналған «Тағзым алаңы», Ауған соғысында қаза тапқандарға арналған ескерткіш алаңы, мәдениет, өнер, білім, спорт, денсаулық саласының үздіктері алаңы, құрмет атағының иегерлері алаңы, ауылшаруашылық, кәсіпкерлік саласының озаттары алаңы, теміржолшылар алаңы орналасқан.
Өткен жылы «Тағзым» алаңы күрделі жөндеуден өтіп, 9 мыңға жуық жауынгерлердің есімі жазылған мрамор тақтайшалар қойылды.
ҰБТ-ға дайындық барысы пысықталды
Биыл Қызылорда облысында 6566 оқушы мектеп бітіреді. Оның 69,6 пайызы Ұлттық бірыңғай тестке қатысады. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Қазалы ауданындағы жұмыс сапары барысында түлектердің сынаққа дайындық барысымен танысты.
Қазалы ауданында мектеп бітіруші түлектердің 68,2 пайызы сынақ тапсыруға ниет білдіруде. Сынама тест нәтижесінде олар орташа 82,2 балл жинауда. 17 оқушы «Алтын белгіге», 9-ы «үздік аттестатқа» үміткер. Ауданның 300 оқушысы «Қамбаш» оқу-сауықтыру орталығында ҰБТ дайындықтарын пысықтап қайтты.
– Жан басына шаққанда білімге қаржы бөлуден біз республикада алғашқы аймақтардың қатарындамыз. Бұл болашаққа салынып жатқан инвестиция. Балалардың білім алуына қазір барлық мүмкіндік жасалуда. Тек оны тиімді пайдалану керек. Өмірдегі ең алғашқы үлкен емтихан тапсырғалы отырсыздар. Шын жүректен ақ жол тілеймін, - деді түлектермен кездесуде аймақ басшысы.
Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге Әйтеке би кентіндегі №249 мектеп-лицейде 14 аудитория дайын. Барлық кабинеттер тиісті құрал-жабдықтармен қамтылған. Аудиторияларға бейнебақылау камералары орнатылып, жаңадан 14 дана ұялы байланыс телефондарын тұншықтыру құралдары және 1 рамалы металліздегіш сатып алынған.
Аудан орталығынан қашықтығы 50 шақырымнан аспайтын 10 мектептен келетін 112 талапкер тестілеу өтетін күні тасымалданады. Ал кенттен қашықтығы 50 шақырымнан артық болатын 14 мектептен келетін 98 талапкер тестілеуден бір күн бұрын «Шағала» демалыс орталығына жеткізіледі. Барлық баланың жатын орындары мен тамақпен қамтамасыз ету мәселесі шешілген.
Айта кетейік, өткен оқу жылында облыс түлектері ҰБТ-де 81,7 балл жинап, үздік бес өңірдің қатарына кірді.