ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ АТҚАРЫП ЖҮРГЕН САРБАЗ ӨРІМДЕЙ ҚЫЗДЫҢ ӨМІРІН САҚТАП ҚАЛДЫ
Ұлттық ұлан қатарында әскери қызмет атқарып жүрген Жандос Алдабеков өрімдей қыздың өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды 24.kz.
Қызылорда қаласындағы 55\47 әскери бөлімнің рота командирі ес-түссіз көшеде құлаған Гүлмира Сабыр есімді бойжеткенге жедел көмек көрсетіп, аман қалуына себепші болған. Тамыз айының бас кезі, күн сәскеден ауған шақ. 12 жылдан бері әскери қызмет атқаратын Жандос Алдабеков қаруластарымен бірге оқушылар сарайы маңын шолып жүріп, адамдар шоғырын байқайды. Дереу барса, денсаулығы сыр берген жас қыздың жерде жатқанын көреді. Айналасына жиналғандар не істерлерін білмей дал. Жауынгер ойланбастан алғашқы көмек шараларын қолдануға кіріседі. Жандос Алдабеков, 55\47 әскери бөлімінің рота командирі: - Күре тамырының соғысы өте төмен екен. Ең бірінші жүрек қағысының өте төмен болғанын байқадым. Жүрегіне соққылар беріп, массаж жасап, осылай әскери бірінші жедел жәрдем көмегін көрсеттім. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан сарбаздары мен сардарлары Қазақстан Республикасының азаматтарын қорғап, олардың конституциялық мүдделерін қорғап, көмектесу ең басты міндетіміз деп білеміз. Облыс орталығында 7 жыл бұрын құрылған ішкі әскер бөлімінің сарбаздары қоғам тыныштығын сақтауға елеулі үлес қосып келеді. 145 ұланның 46 бағыт бойынша таңнан кешке дейін қала аумағын үздіксіз қадағалауының арқасында топтық төбелестер мен шет аймақтағы қылмыстар азайған. Ғани Әбітаев, 55\47 әскери бөлімінің штаб басшысы: - Жыл басынан бері 300-дей тапсырма орындап, 700-ден астам құқық бұзушыны құрықтадық. Оның 73-і қылмыс жағдайында ұсталды. Ұлттық ұлан сарбаздары ұстаған азаматтардан 3,5 млн теңге әкімшілік айыппұл өндірілген. Біздің қызметімізге тек заң бұзғандарды құрықтау емес, азаматтарға көмектесу кіреді. Қарағандыда туып, Сыр бойының қоғамдық қауіпсіздігін қорғап жүрген Жандос Алдабеков «Ұлттық ұлан үздігі» атты марапатқа ұсынылды. Әбжіл қимылы мен әскери антқа адалдығы арқасында адам өміріне араша болған сардардың кеудесінде жұлдызды төсбелгі жарқырайтын күн жақын.