Шиелі ауданында белгілі ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ҰҒА-ның академигі Асқар Жұмаділаевпен кездесу кеші өткізілді.
60 жасқа толу мерейтойына арналған «Заманның заңғар биік тұлғасы – Асқар Жұмаділдаев» атты кездесу кешінде аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев Асқар Серқұлұлын асқарлы 60 жасымен құттықтап, құрмет грамотасын табыстады.
Асқар Жұмаділдаев 1956 жылдың 25 ақпанында Шиелі ауданында дүниеге келген. Белгілі қазақстандық ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы (1988), профессор (1990), Қазақстан ҰҒА-ның академигі. 1980-90 жылдары Математика және механика институтында (қазіргі математика институты) кіші, аға, жетекші ғылым қызметкер болды. 1990 жылдан сол институтта алгебра лабораториясының меңгерушісі. Жұмаділдаевтің негізгі ғылым-зерттеу еңбектері Ли алгебрасының когомология теориясына арналған. Ол оң сипаттамалы Ли алгебрасының когомологиялары мен деформацияларын және олардың қолдануын зерттеген. Векторлық өріс алгебрасының бөлшектенбейтін кеңеюін есептеген. Ассоциативті емес алгебраның тепе-теңдіктерін тапты. Жұмаділдаев Германиядағы Гамбург (1986), Мюнхен (1995-96), Билефельд (1996-99) университеттерінің профессоры болып, Кэмбридж университетінің жанындағы Ньютон институтында (1997), А.Салам атындағы Халықараралық теориялық физика орталығында (Италия, 1998, 2001), Швеция корольдік Ғылым Академиясының Миттаг-Леффлер атындағы Математика институтында (1998 – 99), Фильдс атындағы Математика институтында (Канада, 2001) қызмет атқарып, дәрістер оқыған. Германияның, АҚШ-тың мемлекеттік стипендияларын, Швеция корольдік Ғылым Академиясының грантын алған. Ол 12-сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.