Қызылордада ауыз су жүйесіне қайта жаңғырту жүргізіледі
Биыл Титов, Әл Фараби, Қызылжармадағы ауыз су сапасын жақсарту мақсатында 9 ұңғыма бұрғылау жоспарланып, қазіргі таңда олардың жоба-сметалық құжаттары дайындалуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте «Қызылорда су жүйесі» МКК басшысы Марат Жамиев мәлімдеді.
– Қазір қаланың шет аймақтардағы тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Ол үшін тиісті құжаттар дайындалуда. Бұдан бөлек, тереңнен су тартатын 15 дана ЭЦВ маркалы насос қондырғылары сатып алдық. Бұл тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етуде үлкен күшке айналмақ. Әрі биыл 11,2 шақырым ауыз су жүйесінің құрылысы мен 1,2 шақырым ауыз су жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, – деді Марат Шахматұлы.
Айта кетейік, көктем келгелі ауыз су пайдалану көлемі 37 пайызға ұлғайды. Сәуір айынан бастап тұтынушыларға тәулігіне 67,0 мың текше метр ауыз су таратылып отыр. Жазғы мезгілде бұл көрсеткіш 95 мың текше метрге дейін барады. Барлық ұңғымалар су алу құрылымдары максималды режимде жұмыс жасайды.
– Қаламызда аяқ су мәселесі толығымен шешілмеуіне байланысты тұтынушылар ауыз суды бау-бақша, жасыл желектерді суаруға пайдалануда. Бұл ретте, тұрғындарға түнгі сағат 23:00-ден, таңғы 06:00-ге дейін пайдалану туралы ескерту жұмыстары жүргізілуде. Ал басқа уақытта бақша суаруға тыйым салып отырмыз. Себебі көп мөлшерде суды пайдалану өзге тұрғындардың үйлеріндегі ауыз су қысымын төмендетіп, наразылық тудырады. Сондықтан қала тұрғындарынан ауыз суды үнемді пайдалансақ деген үндеу айтқым келеді, – деді Марат Жамиев.