Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемов Ақүйік ауылдық округіндегі №55 қазақ орта мектебінде болып, «Соңғы қоңырау» салтанатына қатысты.
Жиналған жұртшылықты құттықтаған аудан әкімі Руслан Рүстемұлы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес сапалы білім мен түзу тәрбие беру бағытында біршама жұмыстардың атқарылғандығын атап өтіп, бітіруші түлектерге алдағы ҰБТ-де сәттілік тіледі.
Мұнан соң, қалыптасқан дәстүр бойынша бірінші сынып табалдырығын аттаған балалар аға-әпкелеріне ақ жол тіледі. Тақпақтар айтып, би биледі. Мектеп бітірушілер бірінші сыныпқа баратын балаларға білімнің кілтін табыс етті. Артылған сенімді ақтауға сөз берді.
Шара соңында түлектер вальс ырғағында ілесіп, соңғы мектеп биін биледі. Түлектер ұшырған ақ көгершіндер мен шарлар ерекше көңіл-күй сыйлады.
Осындай салтанатты шаралар ауданның барлық мектептерінде аудан әкімі орынбасарларының, жергілікті атқарушы билік органдары өкілдерінің қатысуымен өтіп жатыр.