Қасиетті Рамазан айының алғашқы күні Төретам кентіндегі «Жәрімбет әулие» мешітінің» жанынан 250 орындық халал асхана ашылды.
Аталған нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі С. Мақашов қатысып, жиылған жамағатты айлардың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айымен құттықтап, заман талабына сай жабдықталып, халықтың игілігіне бейімделіп жасалған жаңа асхана құрылысының бас мердігері, кәсіпкер Ізбанов Ерғазы Базарбайұлына рахметін айтты. Бұған дейін де көптің алғысын арқалаған кәсіпкер асханада дастархан жайып, жамағатқа ауызашар берді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде «Оразашының ауызын аштырған ораза ұстағанның сауабын алады, әрі бұл ораза ұстаушының сауабы кемітілмейді» деген. Демек, бұл айда Алла разылығы үшін мұсылман бауырларының ауызын аштырамын деушілерге асхананың есігі әркез ашық – деді, кәсіпкер. Асхана ораза айынан кейін де жұмысын тоқтатпақ емес. Ата-бабаларының құрметіне деп ас берушілер үшін де жұмысын жалғастыра бермек. Сондай-ақ, күнделікті мешіт жамағаты үшін арзан әрі адал ас ішетін орынға айналады. Сондықтан өзге жерде емес Алланың жердегі үйі мешіттің жанынан ашылған халал асхана кент тұрғындарын зор қуанышқа кенелтті.