Арал ауданының әкімі Абзал Мұхимов Қамыстыбас елді мекеніндегі сапарында жағалауда жүріп жатқан жұмыс барысымен, демалыс айлағының қазіргі жай-күйімен танысып, туризімді дамытудың алдағы міндеттерін пысықтады.
Ауыл әкімі Р.Қалиев пен А.Исаевқа республикалық деңгейде өтетін «II Балықшылар слетіне» дайындықты күшейтуді, сонымен қатар, демалыс аймағындағы қауіпсіздікті жіті бақылауды, демалушыларға сервистік қызметті жетілдіруді және кәсіпкерлердің заңға бағына отырып жұмыс жасауын басты назарға алуларын тапсырды .
Сапар Қамыстыбастан 30 шақырым аралықта орналасқан Райым ауылдық округіне жалғасты. Ауылға жеткен тұста аудан әкімі ауыл ақсақалдарымен дидарласып, биыл облыстық бюджеттен қаржы бөлініп отырған 7 шақырым жол жөндеуден өтетінін, көшелерге жарықтандыру жүретінін хабардар етті. Сондай-ақ, Қызылжардағы ауданның маңдай алды клубы да назардан тыс қалған жоқ, алдағы уақытта ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүретін болды.