Болашақта Қазалыда құс фермасы мен ет комбинаты бой көтереді. Бұл туралы «Айқын» республикалық газетіне берген сұхбатында аудан әкімі Нәжмадин Шамұратов айтып берді, - деп жазады kazalinsk.kz.
«Тұран Қазалы» ЖШС 10 мың құсқа арналған ферма және құс еті мен жұмыртқасы өндірісі жобасын қолға алмақ. Ал «Жеңіс» компаниясы жылқы және түйе сүті өндірісін жолға қойып, 50 басқа арналған мал бордақылау алаңын ашуды жоспарлап отыр. Жобаның жалпы құны 385 млн. теңгені құрайды.
Өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасы аясында 20 шаруа қожалығы өз қаржысы есебінен 51 асыл тұқымды бұқа, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 2 шаруа қожалығы 12,1 млн. теңге көлеміндегі несиеге 430 бас саулық, 19 бас асыл тұқымды қой алды. Басқа бағдарламалар аясында 13 шаруа қожалығы 116,8 млн. теңгеге 348 бас байтал, 58 бас асыл тұқымды айғыр сатып алды.