Қазақстандағы әрбір 100 мың адамның 2 мыңға жуығы жүйке жүйесі ауруларына шалдыққан, деп хабарлайды 24.kz.
Ал Еуропалық ғалымдардың зерттеуі бойынша әлемде 127 милиионнан астам адам осы дерттен зардап шегеді екен. Бұл қазір жүрек ауруынан кейін өлім-жітімге апаратын 2-орындағы сырқатқа айналып, әлемді алаңдатып отыр. Оған шалдыққан барлық науқастың 20 пайызға жуығы дүниеден озып, 30 пайызы құлантаза айықса, қалғаны өмір бойы қиналып өтеді. Денсаулығында осындай кінәраты бар адамды қайта қатарға қосу өте қиын әрі емі де қымбат. Шамамен 30 мың еуро тұрады. Оның өзінде толық жазылып кетуіңізге ешкім кепілдік бермейді. Міне осы мәселені шешудің жолдары мен заманауи ем-дом тәжірибелері туралы Қарағандыда өткен халықаралық конференцияда жан-жақты талқыланды. Дәрігер мамандардың айтуынша жүйке ауруларының жиілеуіне көптеген себеп бар. Шолпан Омарова, Қарағанды мемлекеттік медицина университеті неврология кафедрасының доценті: - Оның себебі қазіргі уақыттағы әлеуметтік жағдайымыз, стрестік, эмоционалдық күйзелістер, содан кейін осы арулардың кездесу жиілігінің көптігі диагностиканың кешіктірілуі деп ойлаймын. Мамандардың жетіспеушілігінен де осындай факторлар кездеседі.