«Микробизнес Қызылорда» жобасы аясында 273 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл туралы Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Бақытжан Әбиев хабарлады.
«Микробизнес Қызылорда» жобасы аясында бүгінгі күнге дейін ауыл тұрғындарының жалпы құны 357,5 млн.теңгені құрайтын 56 жобасы қаржыландырылды. Нәтижесінде бүгінде 273 адам жұмыспен қамтылып отыр.
Мұнан өзге, Бақытжан Әбиевтің айтуынша, бүгінде қызылордалықтар арасында жоғары сұранысқа ие жоба қаржысының қайтарылымы да көңіл қуантады. Мәселен, өткен жылы облыс әкімдігінен бөлінген қаржының бүгінгі күнге дейін 71,5 млн.теңгесі несие алған кәсіпкерлер тарапынан мерзімінде қайтарылған. Нәтижесінде аталмыш сома аясында биыл жаңадан 8 жобаны қаржыландыру мүмкін болып отыр.
Бүгін біз «жобаның әлеуетін аудандар қалай пайдаланып отыр?» деген көпшіліктің сұранысына сәйкес қаржыландырылған жобалардың аудандар бойынша бөлінісін жариялауды жөн көріп отырмыз. Атап айтқанда:
- Арал ауданында жалпы құны 20,3 млн.теңгені құрайтын 4 жоба;
- Қазалы ауданында жалпы құны 74,3 млн.теңгені құрайтын 11 жоба;
- Қармақшы ауданында жалпы құны 97,7 млн.теңгені құрайтын 13 жоба;
- Жалағаш ауданындажалпы құны 27,6 млн.теңгені құрайтын 4 жоба;
- Сырдария ауданында жалпы құны 32,9 млн.теңгені құрайтын 5 жоба;
- Шиелі ауданында жалпы құны 57 млн.теңгені құрайтын 9 жоба;
- Жаңақорған ауданында жалпы құны 11,1 млн.теңгені құрайтын 5 жоба қаржыландырылып, жүзеге асырылуда.
Мұнан өзге, несие комитетімен қазір 5 жобаны қаржыландыруға келісім беріліп, тиісті құжаттарды тіркеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, бақылаушы кеңестің соңғы 5-отырысында келісім алған өзге жобалар бойынша несие комитетінде қаралу үшін құжаттары жинақталуда.
Айта кету керек, ағымдағы жылы «Атамекен» ҰКП және облыс әкімдігі біріге отырып, «Қызылорда шағын бизнесі» жобасы аясында ауылды жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға 660 миллион теңге қаржы бөлген болатын.