Бүгін өңірлік коммуникация қызметінде облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев аймақтағы журналистерге арнап брифинг өткізді.
Брифинг барысында облыстың бас педагогы білім беру ұйымдары жаңа оқу жылына толықтай дайын екендігін мәлімдеді. Сондай-ақ, алдағы оқу жылындағы ерекшеліктерге тоқталды. Білім беру ұйымдарының құрылысына байланысты биыл 22 білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілген. Оның 19-ы мектеп, 3-і балабақша.
Алдағы 2016-2017 оқу жылында облыс бойынша 1 сыныпқа баратын 19 мыңға жуық оқушы жаңартылған мазмұн бойынша білім алуға көшеді. Мұндағы оқу бағдарламасының ерекшелігі 1 сыныптарға әліппе, ана тілі, орыс тілі, ағылшын тілдері енгізіледі.
Оқулық тапшылығы облыста жоқ, биылғы оқу жылына қажетті оқулықтарға республикалық және жергілікті бюджеттен 663 млн. қаржы жұмсалып, барлық мектептер оқулықпен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Мұнан бөлек, биылғы оқу жылында бірыңғай мектеп формасы әр мектеп басшылығы ата-аналармен келісе отырып енгізіледі.